Арал ауданында Арал қаласына кіре беріс жолдарына 4 тосқауыл бекеті қойылды. Бұл шара облыста коронавирус дертінен қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты қолға алынып отыр. Әр бекетте аудандық полиция бөлімі мен денсаулық сақтау, жергілікті атқарушы орган және ветиринария саласының мамандары тәулік бойы қызмет атқарады. Тосқауыл бекеттері «Ақтөбе-Арал», «Қызылорда-Арал», «Арал-Мергенсай» және Арал қаласының негізгі шыға беріс қақпасына қойылды.
Тосқауыл бекеттерінің жұмысымен аудан әкімі Мұхтар Оразбаев танысты. Онда карантин жағдайында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Тиісінше тосқауыл бекеттеріне жұмылдырылған қызметкерлер бекітілген жұмыс істеу тәртібін баяндап өтті.
Осы орайда, аудан басшысы аса қатерлі індеттің алдын алып, сақтану бағытында елімізде, өңірімізде қабылданған шараларды бұлжытпай орындап, шектеулерге қатаң бақылау орнатып, төтенше жағдай талаптарын бұзғандарға тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.