Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев емделуден бас тартқаны және байланыста болған адамдарын жасырғаны үшін төрт қазақстандықтың тергеуге алынғанын мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ. Оның айтуынша, қазір коронавирусқа шалдыққан төрт қазақстандыққа қатысты тергеу шаралары жүргізілуде. Олар емделуден және кіммен байланыс жасағандарын айтудан бас тартқан.
Сонымен қатар, ведомство басшысы Қазақстанда 32 адамның қамауға алынғанын атап өтті. Олардың бір бөлігі ақша беріп, карантинге жабылған Алматы мен Нұр-Сұлтанға кірмек болса, енді бірі адамдарды ақшаға блок-бекеттерден өткізуге тырысқан.
Еске сала кетейік, бұған дейін ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев карантин ережелерін бұзып, үйінен себепсіз шыққан астаналықтар мен алматылықтарға қатысты қолданылатын шараларды айтып берген еді.
Көшедегі азаматтарға полиция келіп, олардың қайда бара жатқаны туралы сұрауы мүмкін. Егер үйден еш негізсіз шықса, азаматқа ескерту жасайды. Тәртіпке бағынбағандар келесі жолы 26 500 теңге көлемінде айыппұл салынып немесе 15 тәулікке қамалуы мүмкін.