Облыстық мәслихаттың 2020 жылғы 31 наурыздағы кезектен тыс сессиясы өтті. Отырыста 2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер мен толықтыру енгізу мәселесі қаралды. Аймақ басшысы елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде жедел шешімдер қабылдау қажеттігін айтты.
«Баршамызды коронавирустың таралуы алаңдатады. Бұл жағдайды әлемдік экономикалық дағдарыс, азық-түлік бағасының тоқтаусыз өсуі секілді келеңсіз жайттар одан әрі ушықтыра түсуде. Әрине, бұл қиындықтар біздің өңірді айналып өтпейтіні анық. Біздің ендігі ортақ міндетіміз – осындай сын шақта ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев және Үкіметпен жүктелген тапсырмаларды мінсіз жүзеге асыру. Облыс халқын бірінші кезектегі әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында Өңірлік тұрақтандыру қорын бірінші кезектегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен толықтыруға жергілікті атқарушы орган резервінен 105,8 млн. теңге бөлінген. Бұл қаржыға 720 тонна азық-түлік қоры сатып алынды. Әрі қарай тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз етуге, қиын кезеңде әлеуметтік жағдайды төмендетпеуге жұмыс істеуіміз қажет», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
«Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру» бюджеттік бағдарламасы бойынша негізгі азық-түлік өнімдерін қамтамасыз етуге және бағаны тұрақтандыруға, сондай-ақ короновирус індетін алдын алу мақсатында облыс әкімінің резервіне қосымша қаражат бөлінетін болды.
Сонымен қатар, төтенше жағдайға байланысты елімізде 2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың Жол картасы қабылданды. Бұл құжат әлеуметтік маңызға ие, халықты еңбекпен қамтуға, жұмыссыздықтың алдын алуға бағытталған. Бағдарламаны өңірде іске асыру үшін жоспарланған қаржының бір бөлігін қаржылық несие ретінде беру мәселесі шешімін тапты.