Қызылордалық Камила Манысапова 2 жасар қызының денсаулығына алаңдаулы.
Кішкентай София осыдан бірер ай бұрын балабақшада ауыр жарақаттанған. Дәрігерлер бесіктен белі шықпаған бүлдіршіннің миы шайқалған деп диагноз қойды. Анасы бауыр еті баласын осындай хәлге түсірген тәрбиешілерді заң жүзінде жазалауға бекінді. Буыны қатпаған бүлдіршіннің жарақаты әлі толық жазылмаған. 2 жасар Софияның қанталаған маңдайы мен көгерген көздерінен соққының ауыр болғаны байқалады. Камила Манысапова баласын осындай хәлге жеткізген балабақша тәрбиешілеріне өкпесі қара қазандай.
Камила Манысапова, анасы:
- 28 шілде күні әдеттегідей балабақшадан қызымды алуға келгенімді жағамды ұстадым. Қызымның бет-жүзі көгерген, әбден жылаған. Жарақатының ауыр болғанына қарамастан, тәрбиешілер жедел-жәрдем де шақырмаған. Ал ауруханада жатқанда балабақшадан бір адам келіп, баланың жағдайын сұраған жоқ.
Бүлдіршіннің ауруханадан шыққанына бірер күн ғана болды. Қазір тиісті емін үйінде жалғастыруда. Миы шайқалған баланы дәрігерлер жүйке ауруы есебіне қойып, бақылауға алған.
Аманжол Рүстемов, Қызылорда облыстық медицина орталығының дәрігері:
- Жабық ми жарақаты, бас миының шайқалуы, маңдай терісінің гематомасы диагнозымен келді. Емін толық алды. 8-і күні қанағаттанарлық жағдайда ауруханадан шығарылды.
Осы оқиғаның ізін ала Софияның тәрбиешілері де жұмыстан өз еріктерімен босатылған.
Бүлдіршіннің анасы бұл оқиғаның ақ-қарасын ажырату үшін құзырлы органдарға шағымданған. Камила Манысапова балаға бей-жай қараған балабақша тәрбиешілерін жазасыз қалдырмауға бекініп отыр.