Қызылорда қаласында орналасқан ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеушіге келген танысы бәліш ішіне есірткі жасырып өткізбек болды. Бұл жөнінде Қызылорда облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментінен мәлім етті.
Жазасын өтеушіге келген танысының заттары арнайы орнатылған ренгтен аппаратымен тексерілген. Нәтижесінде онда бәліш ішіне жасырылған есірткі бар екендігі анықталып, өткір иісі бар, жасыл түсті зат тәркіленген.
«Тәркіленген зат бойынша жедел түрде 102 нөміріне хабарланды. Оған Қызылорда қалалық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақырылды. Сот-химиялық сараптамасының қорытындысымен тәркіленген зат 30,25 грамм кептірілген марихуана екені дәлелденді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297 бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», - деп мәлім етті ведомстводан.
Әділжан ҮМБЕТ