Жұмыссыз қалған азаматтарға төлем беру басталды

Елордада жұмыссыз қалған азаматтарға төлем беру басталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен айтты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын қолдау мақсатында қалалық еріктілер партияның волонтерлерімен бірлесіп, «Birgemiz» акциясының аясында 5 мыңнан астам отбасыға тиісті әлеуметтік көмек көрсетуі жалғасуда. Соның ішінде 3,5 мың отбасыға, атап айтқанда жалғыз тұратын зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының өкілдеріне атаулы көмек көрсетілуде«,- деді Бақтияр Мәкен. 
Қала әкімінің айтуынша, мұнан бөлек, 25 наурыздан бері елорда волонтерлері медициналық қызметкерлермен бірлесіп, диспансерлік есепте тұрған егде жастағы азаматтардың үйлеріне дәрі-дәрмектерді жеткізуде. Карантин кезеңінде «Қазпоштаның» қызметкерлері еріктілермен бірлесіп, зейнетақыны ақшалай алатын азаматтарға оны үйлеріне жеткізіп береді. 
«Мемлекет басшысы жұмыссыздықты шешу мақсатында тиісті мәселелерге тоқталып, тапсырма берген болатын. Соған байланысты қаламызда тиісті жұмыстар басталып кетті. Жұмыссыз қалған азаматтарға бүгіннен бастап жұмыс орталықтар арқылы онлайн негізде төлем беру басталады. 300 өтініш түскен болатын. Солардың бәрі бүгіннен бастап алады. Оның көлемі 42 500 теңге көлемінде бекітілген. Мемлекет дегеніміз сіз бен біз. Біз бір бірімізді қиын-қыстау кезеңде ешқашан ұмыт қалдырмаймыз. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мұқтаж азаматтарға азық-түлік, дәрі-дәрмек уақтылы жеткізіліп жатыр. Бұл – ауыртпалық кезеңі. Бір-бірімізді сынайтын емес, бірлігіміз сыналатын кез. Сондықтан, тәртіп сақтап, күндіз-түні ұйқы көрмей ауырған азаматтарды емдеп жүрген медицина қызметкерлеріне үйде отырып көмектесейік», - деді елорда әкімінің орынбасары.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 наурыз 2020 г. 762 0