Елмұра Жаңаберген: Ұлттық өнер шала қазақтар үшін экзотика болып тұр

Ол – қазақтың ежелгі жыр өнерінің жалғастырушысы, бабалар өсиетінің насихатшысы. Халық оны елдің мұрасын жинаған Елмұра атап кетті. Елжанды әнші Елмұрамен емен-жарқын әңгімелесудің сәті түсті, жақында. Бұл жөнінде "Түркістан" газеті жазды.
– Бас қаладан «Елмұра» өнер мектебін ашқаныңызға бір жылдай уақыт болды. Мектептің бүгінгі бет алысы, алғашқы нәтижелері ойыңыздан шығып жатыр ма?
 – «Елмұра» өнер мектебі менің көп жылдан бергі ізденісімнің, талпынысымның нәтижесі, еңбегімнің жетістігі, жемісі деп білемін. Мені Елмұра деп елім атады, сол атпен мектеп ашып, халықтың қалаған дүниесін осы атпен өзіне қайтарғым келді. Әрине, «Елмұра» мектебінің бренді – жыраулық өнер. Сонымен қатар шешендік өнер, аспаптарда ойнау, актерлік шеберлік, т.б. көптеген өнер түрінен тәлім береміз. Ең алдымен біз шәкірттерге амандасудан бастап үйретеміз. Баланың ақыл-ойын, санасын жетілдіру, қазақи тұрғыда рухын көтеріп, сөйлеу және ойлау қабілетін дамыту, оларды парасаттылыққа, даналыққа тәрбиелеу – басты мақсатымыз.
Мен мектепті ашқаннан кейін анам ауырды. Анамды қараймын деп екі жылдай концерттерге қатыспадым, сахнаға шыққан жоқпын. Мені іздеп қалмасын деп, жанынан табылып, қасынан кетпедім. Өйткені анам бес балам бір төбе, Елмұрам бір төбе деп отыратын. Сахна да, концерт те өмір бойы жүріп өткен жолым ғой. Мен өнерден қашып кетпесем, өнер менен қаша қоймас деп анамның жанынан табылдым. Алланың ісіне не шара, анам дүниеден өтті, бұл маған қатты ауыр тиді. Қазақтың ақын-жыраулары атынан жазылған Сәкен Алдашбаев інімнің көңілқос жыры зор әсер етті, жұбату берді, сабырға келдім, шүкір.
«Елмұра» өнер мектебінің жұмысын жүйелі қолға алып жатқанымызға 2 айдың жүзі болды. Алдағы уақытта мектебімнің бас қаланың мәдени өмірінде алар өзіндік орны болады деп ойлаймын. Өйткені бұл мектепті ашқанда мен ұзақ ойландым, ғылыми тұрғыдан көп іздендім, білім жүйесін зерттедім. Еткен еңбектің жемісі көрініп те жатыр. Актерлік шеберлік бойынша оқитын талантты шәкіртіміз Бекнұр Ыбырай бүгінде бірнеше фильмде, сериалдарда басты рөлді ойнап жүр. Халықаралық конкурстан жеңіп шығып, Түркияға жолдама алған шәкірттеріміз де бар. Менің мектебімде оқитын балалардың музыкалық тұрғыда сауаттылығы жоғары, шешендік өнер, орындаушылық жағынан кәдімгідей басым түсетінін байқаймын. «Елмұра» мектебі – өзін қазақпын деген, ұрпағымды ұлттық рухта тәрбиелеймін деген ата-анаға қажет орталық деп білемін.
 – Баланы жастайынан жыршылық өнерге тәрбиелеуге бола ма әлде бұл тәңірдің берген талантымен келе ме?
– Баланы жастайынан жыршылық өнерге тәрбиелеуге болады. Мектебімізде 5 жасынан бастап оқып жатқан балалар бар. Өзімнің қыздарым да кішкентай кезінен бастап терме, ән мен жыр жаттап өсті, домбыра үйренді. Жалпы баланы тыңдау арқылы қалыптастыруға болады. Баланың өзі сөз қадірін түсінетін, жыраулық, термешілік өнердің не екенін білетін болса, тыңдарманы жақсы болса, бұл өнерді бойына сіңіруге болады. Қасиетті бабаларымыздың жырлары мен термесіндегі сөздер бүгінгі жастардың жаттауына да ауырлау, бірақ баланы неғұрлым жас кезінен осы өнерге алып келсе, соғұрлым бойына сіңіріп, түсініп өседі. Бұл – менің өз тәжірибемнен түйген ойым.
– Елімізде жыршы, термешілер ара­­сында бәсеке бар ма, бар болса қан­дай деңгейде?
– Өнерді бәсеке өсіреді, бәсеке болмаса өнер дамымайды. Бәсеке дегеніміз қызғаншақтық, көреалмаушылық емес. Қазіргі таңда жыршылар арасында бәсеке бар деп айта алмаймын. Бүгінде талантты жас жыршылар өсіп келе жатыр, солардың арасында бәсеке басталып келе жатқан секілді. Өйткені қазір жыршылардың, жыраулардың конкурсы көп, соған қатысамын деп бір-бірімен жарысады. Қазіргі таңда бәсеке жағы конкурстарға қатысу жағынан ғ
ана болып тұр. Оның бір себебі – ежелгі өнердің бүгінде кенжелеп қалуы. Өткізіліп жатқан конкурстар, фестивальдер «өткізілуі керек» болғандықтан ғана өтіп жатыр. Ауқымды шаралар ұйымдастырылса да, халық жиналмайды, теледидардан, радиодан жарнамасы берілмейді, арнайы бағдарламалар түсірілмейді. Осындай жұмыстар дұрыс ұйымдастырылса, сұраныс та үлкен болар еді. Ал жалпы алғанда қазақ жыршыларының арасында бәсеке бар деп айта алмаймын. Кең көлемде шоу-бизнестегі секілді бәсеке жоқ, бұл жағынан баяу. Жыршыларға да жаңарып, заманауи тұрғыда қоғамның сұрайтын дүниесін жасау керек.
Екінші жағынан, жыршылардың бойында паңдық, кеңдік, парасаттылық қасиеттер басым болғандықтан олар бір-бірін мойындап, қандай да бір ерекшелігі мен айырмашылығын көрсе ашық айтып отырады. Бұл жерде «Мынадан озып кетейін», «Мен жақсы айтамын, анау төмен айтады» деген болмайды, бірақ жыршылық өнерде оқшауланып, жұлдызы биік болып тұратын өнерпаздар айдан анық көрініп тұрады. Нұртуған Кенжеғұлұлы «Артық болсын өнерің патша отырған тақтан да» деген. Бұл өнердегі кеңдік пен парасаттылық қасиеттер бәсеке­лес­тіктен гөрі бір-біріне деген құрмет, сый­ластық, көтермелеуге бастайды деп ойлаймын.
Жалпы, бүгінгінің психологтары айтатын ақыл-кеңесті бұрынғы заманда жыраулар айтқан. Олар қажет болса жаугершілік заманда атқа қонып, жорықтарға қатысып, қолына қылыш ұстап, қарына найза ілген деседі. Жыраулар жан-жақты, әмбебап болған. Әнімен емдеп, сөзімен демеп, өмірден адасқанға жол көрсеткен. Жақсы мен жа­манның, білімді мен наданның, елдің тұлғасы мен батырының арасын ашып, жіктеп көрсеткен. Халықтың алдында кімді құрметтеу керек, кімнің абыройы биік, кімнің ықпалы жоғары болатынын айтып кеткен.
 – Еліміздің рухани, мәдени өміріне бас қаламыздың қосып жатқан үлесін қалай бағалайсыз?
– Алғаш 1999 жылы елордаға көшіп келген кезде өнер адамдарының ұлттық өнерді қолдауға деген ықыластары ерекше болды. Мемлекеттік деңгейде ұйымдастырылған кон­церттерден қалмай, барлық мәдени шараларда алдыңғы қатарда жүрдік. Одан кейін өзінен-өзі саябырсып қалды. Менің көңіліме ұнамағаны концерттерде дәстүрлі әнші, жыршыларды жеке орындаушы ретінде көрсетпейтіні. Соған қарағанда, концертті ұйымдастырушылар да дәстүрлі әнді, жыраулық өнерді дұрыс түсіне бермейді. Соңғы 7-8 жыл шамасы болды, дәстүрлі әнші, жыршыларды сахнаға бір топ қылып шығарады. Олар­дың әрқайсысы өлеңнің бір шумағы мен қайырмасын ғана айтады. Не сөздің, не әннің мағынасы ашылмайды, өнерпаз өзінің не айтқысы келіп тұрғанын толыққанды көр­сете алмайды. Бұл топтық орындау «қазақта осындай өнер болған» деген экзотика үшін ғана жасалатындай әсер қалдырады. Халық одан ешқандай рухани тағылым алып жатқан жоқ. Әнді айтқанда әнші де рахаттанып, бойы шымырлап, маңдайынан тері шығып, шығарманың бас-аяғын бүтіндей халыққа жеткізуі керек. Тыңдарман да автордың айтқысы келген ойын түсініп, сол әнді ыңылдап айтып кететіндей болуы керек. Өзі бар болғаны 3-5 минуттық шығарманы 5-6 адам орындайтын болса, өлеңнің тағдыры мен орындаушының болашағы не болмақ?
Бүгінде әнші көп, бірақ тыңдарман жоқ. Біз тыңдарманды тәрбиелей алмай отырмыз. Өйткені топ болып сахнаға ән айтқаннан әнші өзінің бойындағы қабілетін, талантын, өнерін көрсетіп үлгермейді. Дәстүрлі әншілердің жеке концерт қоюға қаражаты жоқ, продюсері де жоқ. Жеке демеушісі болмағаннан кейін әнші қанша жерден талантты болса да, өзін толыққанды көрсете алмайды. Анда-санда ұйымдастырылатын мемлекеттік шараларға жаңағыдай топ болып шыққан соң әншінің сағы сынады, әннің бағы байланады, ал тыңдаушының көкірек көзі ашылмай үйіне қайтады.
Бүгінде жыраулардың шығармалары жеке жыр кештерінде ғана толық орындалады. Жарнамамыздың жоқтығынан және тыңдаушыны дұрыс тәрбиелей алмай жатқандықтан, дәстүрлі әншілер мен жыршылар әркімге бір жәутеңдеп жүр. Халық пен өнерпазды жақындастыратын басқалай жолдар керек екенін ұға алмай жатырмыз, осындай күйзелістегі өнердің бағасы дұрыс берілмей тұр. Дәстүрлі өнер саласында дарынды, ерекше қабілеті бар мықты кәсіби орындаушылар бар. Олар ана тойдан мына тойға шапқылап, «менің гонорарым бәленбай тұрады» деп жүрген шоу-бизнестің әншісі емес. Кез келген жерге дәстүрлі кәсіби әншіні шақырып, ән айтқызатын болсаңыз, таңнан кешке дейін жырлап ән айтып отырған әншінің ілуде біреуі ғана өзінің гонорарын сұрайды. Дәстүрлі әннің бағасын беріп, қадірін білетін – тыңдаушы. Бірақ бүгінде бұл өнер бағаланбай отыр. Өнердің бағасы берілмегеннен кейін киесі қашады. Кейде той-томалақтарда дәстүрлі әншілерді «Ән жаздырып, сатып алған жоқсың ғой, тегін халық әнін айта берсеңші» деп төмендетіп жатады. Есіктің алдында тұрып ән айтатын әншінің тыңдаушысы болмағаннан кейін, тыңдарман ортасын қалыптастыру, өнердің ордасы жасау қиындау болады.
 – Өнер ордасын қалыптастыру үшін бізге не қажет деп ойлайсыз?
– Балабақшадан, мектептен бастап дәстүрлі өнерге ден қойылуы керек. Домбыра, қобыз, ән, би, жыр үйірмелерін ашуға болады, бұл қолдан келетін дүние ғой. Өз өнерімізді насихаттамағанда, кімнің өнерін дәріптейміз? Конфуций 7 жасында цитра музыкалық аспабында ойнауды үйренді. Ол осы аспапты кішкентайынан тыңдап өскендіктен үйрену дағдысы тез қалыптасты. Бәріміз бала кезімізде радио тыңдап өстік. Қайта Кеңес одағының кезінде осындай дәстүрлі музыкаға байланысты бағдарламалар көп берілетін. Ал қазір өте аз, тіпті жоқтың қасы деуге болады. Тыңдарман қалыптасқан кезде өнер өседі дедік. Ал тыңдарманды тәрбиелеу, елордада рухани, ұлттық өнер ордасын қа­лыптастыру үшін Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театры сияқты орталық ашылуы керек. Ұлттық өнерді білетін, жаны ашитын адамды басшылыққа қойып, өнер майталмандарын сол жерге жинап, оларға мемлекеттен арнайы қолдау көрсетіліп, концерттерін өткізу керек. Бүкіл ақпарат құралдары өнерпазды жұлдыз қылып насихаттап, тыңдарманды жинайтын, ұйымдас­тыратын топ бірлесе жұмыс істегенде ғана өнер өседі.
 – Домбыраны серік етіп әлемнің талай елінде ән салып, жырдан шашу шаштыңыз. Осы ретте шетелдіктердің қазақтың жыр өнерін қалай қабылдағанын айтып беріңізші.
 – Өнердің биігінде жүріп бірнеше мемлекетте жеке концерт бердім, тіпті ән жинақтарым да шетелден шықты. Ғалымдар жеке зерттеу жасағысы келді, одан бөлек маған арнап біршама әндер жазылып, күйлер арналды. Осының бәріне Аллаға шүкір айтамын. Ал шетелдіктерге келсек, олардың біздің дәстүрлі өнерге қызығушылығы өте жоғары. Италия, Америка, Франция, Германия сынды дамыған елдердің сахнасында абыроймен өнер көрсеттім. Түркияға барған кезімде ондағы қазақтардың менің өнеріме деген ықыласы, өнеріме деген құрметі шексіз болды. Ал Испанияда өткен жеке жыр кешімде бір жарым сағат бойы бір дастанды жырладым. Сонда халықтың қазақ тілін түсініп отырған жандардай бір орында тапжылмай отырғаны, әр қайырымында қол шапалақтауы маған ерекше әсер етті. Басынан аяғына дейін шаршамай тыңдай беретініне таңғалдым. Жырды тыңдаған сайын арқалары қозып, қан-тамырларына әсер етіп жатқанын байқадым. Шетелдің осындай қошеметінің қасында біздің елде 1 шығарманы 5 орындаушыға орындатып жатқаны өте ұят тірлік. Бірақ шетелдіктер маған экзотикалық әлемнен келгендей қарап тұратынын байқаймын. Осы күнге өзіміз де жеттік, қазақтың ұлттық өнері шала қазақтар үшін экзотика болып тұр. Кей қазақтар қазақша ән тыңдамақ түгілі, өз тілінде сөйлей алмай жүр.
 – Қызыңыз Салтанат та өнерден құралақан емес екенін білеміз. Болашақта түбегейлі дәстүрлі ән өнерін таңдап жатса, бұл шешімін қолдайсыз ба?
 – Тұңғышым Салтанат та, кенжем Сандуғаш та талантты, өнерге жақын болып өсті. Балаларым менің құрсағыма біткен кезінен қара домбырамды серік етіп, қолымнан тастамайтынмын, ән мен жыр жаттайтынмын. Ылғи да дайындық үстінде жүретінмін, тыным таппайтынмын. Балала­рымды әлдилеп отырып жыр жаттаған кездерім болды. Кей кездері үлкен жырларды жаттап отырғанда кейбір сөздерімді ұмытсам, ойнап жүрген қыздарым жалғастырып жіберетін. Қыздарыма өзімнің бар білетінімді үйреттім, өздеріне ұнайтын дүниеге мен ешқашан кедергі болмаймын. Салтанат 9-сыныпқа дейін қылқобыз аспабында оқыды, кейін анимация режиссері мамандығына оқуға түсіп, ойдағыдай аяқтап шықты. Қазір сурет салады, мультфильмдер жасайды, ұлттық өнерге өте жақын. Жаңалыққа жаны құмар, қобызбен, жетігенмен де ән салады. Алдағы уақытта дәстүрлі өнерге келуге шешім қабылдаса, қолдауға дайынмын. Бірақ бүгінде өз мамандығына қарай бағыт алып отырған жайы бар.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 наурыз 2020 г. 501 0