Қазақстанның ірі кәсіпорындары «Жер сағаты» дүниежүзілік акциясына қатысып, бүгін сағат 20.30-21.30 аралығында электр энергиясын өшіретін болады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жаһандық акцияға барша қазақстандықтарды да қатысуға шақырады.
«Бүгін Жабайы табиғат дүниежүзілік қоры ұйымдастырған жыл сайынғы «Жер сағаты« дүниежүзілік акциясы өтуде. Бұл, ғаламшардағы жаппай экологиялық акция болып табылады. Осы күні белгіленген уақытта әртүрлі елдердің адамдары бір сағатқа электр құралдарын және кез келген жасанды жарық көздерін ажыратады. Акцияның мәні – ғаламшар климатының өзгеруі проблемасына әлемдік қоғамдастықтың барынша назарын аудару, осы проблеманы шешу қажеттілігінің идеясына қолдау көрсету», - деді министрліктен.
Акцияға әлем бойынша 188 елдің екі миллиардтан астам адамы қатысып, 18 мыңнан астам архитектуралық ескерткіштердің жарығы сөнетін болады. Биыл «Жер сағаты» 28 наурызда жергілікті уақыт бойынша сағат 20.30-дан 21.30-ға дейін өтеді.
Министрлiк республиканың 171 кәсіпорнын акцияны қолдауға шақырды. Олардың арасында нақты қолдау білдіргендері: «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Казцинк» ЖШС, «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ, «ҚазФосфат» ЖФ ЖШС, «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС, «Қазатомөнеркәсіп Сауран» ЖШС, «Қазахалтын» АҚ, «ССКӨБ» АҚ, «Қостанай минералдары» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ, «Теңізшевройл» ЖШС, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» «Қазақстан алюминийі» АҚ. «Республиканың бей-жай қарамайтын барлық тұрғынын акцияға қатысуға шақырамыз. «Жер сағаты« командасының бір бөлігі бол!», - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінен.