Коронавирус: қызылордалық науқас ауруханаға жатқызылды

Қызылордадағы коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі бойынша науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бокс бөліміне жатқызылды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова мәлімдеді. 
- Арнайы мамандардан құрылған топ ауру анықталған ошақты дезинфекциялау, аурудың алдын алу сияқты шараларды атқарып жатыр. Сондай-ақ науқаспен қарым-қатынаста болған адамдардың тізімі жасалуда. Алдын ала мәліметке сәйкес 30-ға жуық адам есепке алынды. Жақын қарым-қатынаста болғандар стационарлық карантинде. Олардың денсаулық жағдайы медициналық бақылауда, - деді Ә.Әбдіқайымова «Хабар 24» арнасында онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында..
Спикер қызылордалықтарды сақтық шараларын күшейтілген режимде жүргізуге шақырды.
- Ірі сауда орындарында, дүкен, шағын маркеттер мен базарларда, адам көп шоғырланатын орындарда дезинфекция ережелері қатаң сақталуы тиіс. Тұрғындар көшеге шыққанда бетперде тағуы қажет. Біздің беретін нұсқауымыз – үйде қалу, көпшілік болып жиналмау, үйге келетін қонақты азайту керек, - деді ол. 
Жалпы, бүгінгі күні Қызылордада 111 адам медициналық бақылауда. Олардың 87-і үй карантинінде. Ал 24-і провизорлық стационарда карантинге, 14 күнге медициналық бақылауға алынды. 

Сб-ақпарат
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 наурыз 2020 г. 1 918 0