ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Президенттің банктер мен микрокредиттік ұйымдарға қарыз бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдарға тыйым салу туралы тапсырмасын түсіндірді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазіргі уақытта Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы, екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары халықты қолдау бойынша тиісті шараларды әзірлеп, бекітті.
«Осылайша, қарыз алушылар үшін төлем мерзімі 2020 жылдың 16 наурызы мен 15 маусымы аралығында кейінге шегеріледі. Қарыз бойынша төлемдерді кейінге шегеру мүмкіндігі осыған мұқтаж адамдарға берілмек. Мәселен, карантиннің енгізілуі себепті жұмысынан айрылғандар, ақы төленбейтін еңбек демалысына шыққандар, жалақысы қысқарғандар немесе тоқтатылғандар және т.б. Өздеріңіз түсінгендей, негіздемелердің басым көпшілігі төтенше жағдай режиміне қатысты болмақ», - деді министр «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінде.
Қосымша құжаттарсыз бұл шегеру шарасы ресми түрде тіркелген жұмыссыздарға, АӘК алушылар және халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына қатысты қолданылады. Сонымен бірге, несиелік ұйымдар аталған тұлғалардың тізімдерін кредиттік бюролардан алады. Бұл шара кәсіпкерлерге де қатысты болады. Мысалы, тауар сатылымы мен көрсетілетін қызмет көлемі азаюы себепті қаржылық жағдайы нашарлаған, тұтынушылар төлемі кешіккен және т.б. себептермен кәсіпкерлер төлемдерін кейінге шегеру мүмкіндігін ала алады.
Еске сала кетсек, қазіргі уақытта коронавирус инфекциясымен Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 60 адам, Алматы қаласында – 48 адам, Қарағанды қаласында - 4, Жамбыл облысында -3 адам, Атырау облысы - 3 адам, Шымкент қаласында - 2 адам, Алматы облысында - 1 адам, Ақтөбе облысында - 1 адам, Солтүстік Қазақстан облысында - 1 адам, Ақмола облысында - 1 адам, Павлодар облысында - 1 адам, жалпы 125 науқас тіркелді.
Сонымен бірге, Дәурен Абаев карантин режимі күшейтілген кездегі көшеде жүру талаптарын түсіндірген еді. Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеу туралы бас санитарлық дәрігердің қаулысы шығады.