Жаңақорғанда мектептің шатыры ұшып кетті
Жаңақорған ауданына қарасты Қосүйеңкі ауылындағы №161 орта мектептің шатыры қатты желдің әсерінен ұшып кетті.
Облыстық жұмылдыру басқармасының мәліметінше мектептің шатыры 150 шаршы метр аумақта бүлінген. Бұл жағдай кеше кешкісін орын алған.
«Оқиға орнына мамандар арнайы техникамен барып көрді. Қайтыс болғандар және зардап шеккендер жоқ», - деп мәлім етті ведомстводан.
Бұдан бұрын аталмыш ауданның Шалқия кентіндегі №86 орта мектептің шатыры ұшып кеткен болатын. Сондай-ақ, электр бағанасы құлап, бірнеше ауыл жарықсыз қалды.
Соңғы екі күнде Қызылорда облысында қатты жел соғып тұр. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті 25 наурызда секундына 15-28 метрге дейін жел соғатынын хабарлады.