Алматыда қалалық қызметтердің профилактикалық жұмысына 3 млн бетперде бөлінді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық әкімдік таратқан ақпаратқа сәйкес, қазір Алматыда медициналық бетперделер мен антисептикалық құралдардың алаяқтық жолмен саудаға түсуін, сондай-ақ сату кезінде бағаны негізсіз көтеру фактілерін анықтау үшін рейд жүргізілуде. Нәтижесінде Алматыда кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін тиісті құжаты жоқ азаматтар медициналық масканы үстеме бағамен сатқан кезде қолға түсті.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның хаттамасы негізінде тәркіленген медициналық бетперделердің барлығы дереу қалалық қоғамдық денсаулық басқармасына берілді. Тәркіленген 3 млн бетперде санитарлық-эпидемиологиялық шараларды күшейтілген режимде жүзеге асырып жатқан қаладағы барлық медициналық ұйымдарға бөлініп беріледі. 2 млн-нан астам медициналық бетперде қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының медициналық қызметкерлеріне берілді. Бүгінде олар провизорлық стационарлар мен изоляторларда, сондай-ақ үй стационарындағы адамдарға медициналық бақылау жүргізіп жатыр. Қалған жеке қорғану құралдары эпидемиологтарға, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау, Ішкі істер, ТЖ, Ұлттық гвардия және тағы басқа департамент қызметкерлеріне үлестірілді.
Сонымен қатар, бетперделер Open Almaty қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметкерлеріне де таратылды. Өйткені олар тәулік бойы 1308 нөмірі бойынша тұрғындарға барлық мәселелер жөнінде, соның ішінде коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы әрекет бойынша кеңес беруде. Рейдтік іс-шаралар кезінде 16 тонна спирт те тәркіленді. Стерильдеу кезінде дезинфекциялау құралы ретінде пайдалануға жарамды бұл спирт медициналық ұйымдарға бөлінді. Жалпы қала әкімдігі коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу үшін барлық тиісті жұмыстарды жалғастыруда. Карантинді енгізу туралы шешімнен кейін 27 блок-бекетте күш құрылымдары мен медициналық ұйым қызметкерлерінің жұмысы жанданды. Қалада COVID-2019 ошағы анықталды. Ол аймақта дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілуде. Мақсат – коронавирус індетінің таралу тізбегін жою.
Өз кезегінде қала билігі қала тұрғындарын карантин режимін қатаң сақтауға және әркімді мүмкіндігінше оқшаулануына шақырды. Сұрақтар бойынша 1406 және Open Almaty 1308 нөмірлері бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін call-орталыққа хабарласыңыз. Катаралды белгілері бар адамдар анықталған жағдайда дереу қаланың санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің тәулік бойы жұмыс істейтін 382-33-50 нөміріне хабарлау керек.