Биылғы жылдың осы күніне дейін 87,5 млн. теңгенің өнімдері базар бағасынан 15-20 пайызға төмен сатылды, деп хабарлайды "Сыр бойы" газеті сайтының тілшісі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына сілтеме жасап.
Басқарманың хабарлауынша, аймақта азық-түлік қат емес, дегенмен олардың бағаларына алаңдаушылық бар. Сол себепті, облыс әкімдігі бағаларды қатаң қадағалауға алған.
Қазіргі таңда Қызылорда қаласының және барлық аудандардағы ірі жабдықтаушылар мен өнімді өндірушілер арасында негізгі азық-түлік тауарларын 5-10 пайыздық үстемеден асырмай сату жөнінде 46 меморандумға қол қойылып, тығыз жұмыс жасалуда. Жыл басынан бері облыс орталығында халықтың көп шоғырланатын жерлерінде сапалы және арзан бағада күнделікті ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері өткізіліп келеді. Бүгінгі күнге дейін 87,5 млн. теңгенің өнімдері базар бағасынан 15-20 пайызға төмен сатылды.
Сонымен қатар, басқарманың мәліметінше, облыста 1 сортты нан, 1 сортты бидай ұнының бағасын тұрақтандыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ, «Астық Транс» АҚ және Қызылорда облысының әкімдігі арасында қол қойылған меморандумға сәйкес, килограмы 49,5 теңгеден облысқа 5744 тонна ұн жеткізілді. Ал жеткізілген ұнның негізінде аймақта нанның орташа бағасы 44 теңге тұрады.
2012-2014 жылдар аралығында тұрақтандыру қорына 3063,0 тонна картоп, 620,0 тонна асханалық сәбіз, 1367,0 тонна басты пияз, 675,0 тонна қант, 69,5 тонна өсімдік майы, 48,6 тонна 1-ші сұрыпты макарон, 180 тонна құс еті сатып алынып, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ның жанынан Қызылорда қаласының әр мөлтек аудандарында ашылған 12 әлеуметтік сауда дүкендерінде нарық бағасынан 10-20 пайыз төмен сатылды.
Облыс бойынша қант өнімінің бағасын тұрақтандыру мақсатында бүгінгі күнге дейін «Центральноазиатская сахарная корпорация» ЖШС мен «Қызылорда қаржы компаниясы» ЖШС келісіміне сәйкес облысқа 130 теңгеден 340 тонна, 145 теңгеден 340 тонна қант жеткізіліп, Қызылорда қаласындағы ірі сауда үйлерінде 155 теңгеден, әлеуметтік сауда дүкендерінде 150 теңгеден сатылды.
Бұл жұмыстар облыста жалғасын табуда. Күріш өндірушілер мен сауда үйлері арасында күріштің бағасын тұрақты бағада сату жөнінде меморандумға қол қойылды. Меморандумға сәйкес күріш өндірушілер ірі сауда үйлеріне күріштің килограмын 145 теңгеден сатса, сауда үйлері тиісінше бөлшек саудада 150 теңгеден сатуда.