«Карантиндегі жұлдыз» атты жаңа жоба басталады

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Live форматында «Карантиндегі жұлдыз» атты жаңа жоба бастайды. Бұл туралы аталған министрліктің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстандық мәдениет және спорт ұйымдары жарияланған карантин жағдайында көрермендер мен жанкүйерлерден алыстамай, онлайн-кеңістікті қарқынды игеруде. Мәдени іс-шараларды өткізуге қойылған уақытша шектеулер әртістер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Карантин кезінде адамдардың басым көпшілігі әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланатынын ескере келе, өнердің қолжетімділігін баршаға қамтамасыз ету мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және «Қазақтелеком» АҚ Live форматындағы «Карантиндегі жұлдыз» атты жаңа жобаны бастайды», - деп атап өтеді министрліктен.
Ведомство мәліметінше,жуырда қазақстандық әртістер онлайн форматта «Қазақтелеком» АҚ-ның telecomkz YouTube арнасы арқылы өздерінің онлайн-концерттерін ұсынады. Сондай-ақ бұл концерттер ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Facebook және Қазақконцерттің @qazaqconcert Youtube парақшаларында қайталанады. Өнер сүйер қауым әр түрлі бағыттағы – фольклорлық, эстрадалық, классикалық және аспаптық концерттерді тамашалайды. Концерт барысында тыңдармандар өнер жұлдыздарымен тікелей сұхбаттасып, ой-пікірлерін білдіре алады. Концерттер тегін әрі баршаға қолжетімді болмақ.Жобаның алғашқы онлайн-концерті бүгін, 23 наурыз күні сағат 21:00-де Тelecomkz YouTube арнасынан көрсетіледі. Бұл кеште қоңыр даусымен, жүрекке жылы үнімен, әсем әуенді әндерімен көрерменнің ықыласына бөленген өнер иесі Жұбаныш Жексенұлы өнер көрсетеді.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 наурыз 2020 г. 348 0