Шетелдегі қазақстандық туристер Қазақстанның қай қалаларына жеткізіледі

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Дастан Рыспеков шетелдегі қазақстандық туристердің Қазақстанның қай қалаларына оралатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«18-23 наурыз аралығында қазақстандық туристерді елге қайтару үшін 19 чартерлік рейс қарастырылған. Оның 14 чартерлік рейсі ұйымдастырылып, 2 818 адам елге қайтарылды», - деп атап өтті Д. Рыспеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте. Оның айтуынша, чартерлік рейстер Нұр-Сұлтан, Алматы және өзге де қалаларға ұйымдастырылып жатыр.
«Мәселен, Мысыр мен Біріккен Араб Әмірліктерінен Атырау, Қостанай қалаларына рейс ұшырылды. Ақтөбе қаласына да бірнеше рейс қарастырылған», - деді Дастан Рыспеков.
Айта кетейік, 18 наурыздағы жағдай бойынша шетелде туристік операторлар арқылы демалып жатқан қазақстандықтар саны 5 914 адамды құраған. Оларды қайтару үшін 18 наурыздан 23 наурызға дейін 19 чартерлік рейс жоспарланған.
Бұған дейін Дастан Рыспеков туристік жолдамалар құнының қалай қайтарылатынын айтып берді.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 наурыз 2020 г. 351 0