Наурыз – салт-дәстүріміз паш етілетін мейрам. Халқымыз үшін қастерлі мереке. Сондықтан да оның мәні зор, мағынасы терең. Тағылымға толы мерекені нағилықтар биыл ерте тойлады. 12 наурыз күні өткен шараға облыстық «Жастар ресурстық орталығы» қолдау танытты. Орталық алаңда ұйымдастырылған кеште әннен бөлек, дәмге де мән берілді. Шара барысында Сырдария ауданының әкімі Руслан Рүстемов жұртшылықты ұлттық мерекемен құттықтап, тұрғындарға амандық, береке-бірлік тіледі.
– Ұлыстың ұлы күнінде киіз үй тігіп, айтулы мерекені атап өтуге үлес қосып жатырмыз. Мұндай бастама ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерді жаңғыртуға сеп. Оның үстіне бұл күні айтылған барлық тілек қабыл болады деген сенім бар. Олай болса, Наурыз мерекесі елімізге тыныштық, баршаңызға табыс, молшылық әкелсін. Әрбір жаңа күн барлық отбасына шат көңіл, бақ-береке сыйласын! – деді Р.Рүстемов.
Әрі қарай жиналған қауым аспаздардың басты мерекелік тағамынан дәм татты. Ұлттық спорт ұлықталып, түрлі жарыстарға кезек берілді. Соның ішінде біз жастардың садақ атуға деген ынтасы зор екенін байқадық.
– Осында келіп, замандастарымның мергендік өнерге деген құлшынысын байқадым. Қуаныштымын. Себебі, бұл өнер баға жетпес құндылыққа баланады. Садақ атуда халқымыздың тарихи жадысы мен тектілігі жатыр. Халқымыз ер баланы жастайынан осы спорт түріне баулып, ел қорғауға тәрбиелеген. Қазір де бұл үрдіс жалғасын тауып келеді, – деді жас кәсіпкер, дәстүрлі «Алтын жебе» орталығының иесі Әли Ибрагим.
Бұдан бөлек, мерекелік шарада балалардың тұсауы кесіліп, көптен ұмыт қалған дәстүрлер қайта жаңғырды. Сахна төрінен «құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» бірінен соң бірі төгілді. Көне баба тағылымын, бағзы дәуір дәстүрі мен кие тұнған өлкенің өнерін паш ететін сахналық қойылымдар көрерменге жол тартты. Тал шыбықтай бұралып, әуезді әуенге тербелген бишілер тобы да жоғары деңгейде өнер көрсетті. Осылайша, халық әндері мен домбыра көмейінен төгілген күмбірлі күй көкке әуелеп, ерекше әсер сыйлады.
Мерекелік кеш ұлттық тарихты зерделеу мен жаңа тарихи сананы қалыптастыруға бағытталды. Одан ертедегі дәстүріміздің иісі аңқып тұрғандай. Бұл қуануға, құптауға тұрарлық дүние деп білеміз.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы».