ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күрес жұмысын үйлестіретін Шұғыл әрекет ету орталығына барды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Коронавируспен күрес жұмысын үйлестіретін Шұғыл әрекет ету орталығына бардым. Қысқа мерзімде құрылған Орталық қалыптасқан жағдайға мониторинг жасап, науқастарды анықтау және есепке алу үшін озық технологияны қолданады», - деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-де.
Президент атап өткендей, орталықтың негізгі міндеттерінің бірі – халыққа шынайы ақпарат беру.
«Жекелеген БАҚ пен әлеуметтік желіде жалған мәліметтер таралып жатқан кезде бұл өте маңызды. Коронавирусқа қатысты барлық ресми ақпарат http://coronavirus2020.kz сайтында», - деп жазды Қ.Тоқаев.
Бүгін Алматы облысында коронавирус індетін жұқтырудың алғашқы жағдайы анықталды. 21 наурыз сағат 12.00-дегі жағдай бойынша, Нұр-Сұлтан қаласында - 28 адам, Алматы қаласында – 22 адам, Қарағанды қаласында - 2, Талдықорған қаласында - 1 адам, жалпы 53 науқас тіркелді.