Ең бастысы – адам саулығы

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың індетке қатысты үндеуінен кейін республикада сақтық шаралары күшейді. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен Президент үндеуіне орай шұғыл отырыс өтіп, жиында профилактикалық шараларға баса мән беру туралы айтылған еді.
Дүйсенбіден басталған қауырт жұмыстың қарқыны үдей түспесе, кемімей тұр. Сол күннен бастап көпшілік іс-шараларға тыйым салынды, адамдар көп шоғырланатын орындарда санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтауға қатаң тапсырмалар берілді. Халық денсаулығын қорғауда аталған жұмыстардың атқарылуы қалай? Аймақ тілшілері осы мақсатта  ірі сауда орындары мен жылдам тағам әзірлейтін дәмханаларда болып, қойылған шектеулердің орындалуын көзбен көріп қайтты.
«Aray city mall» сауда орталығының әкімшілігі Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес орталықтан жалға алынған сауда нүктелерінің иелеріне жалға алу ақысының төлем күндерін кейінге шегеріпті. Бұл да кәсіпкерлерге үлкен демеу болып тұр. Сонымен қатар, сауда орталығында жұмыс уақыты таңғы сағат 10.00-де басталып, кешкі 18.00-де тоқтайды.
– Кинотеатр мен балалар ойын-сауық орталығы, тамақтану орындары жұмысын тоқтатты. Ал, тұрғындар азық-түлігін қолайлы уақытта алуы үшін «Магнум» сауда орталығы мен дәріхана тәулік бойы жұмыс істеуде. Орталықта  санитарлық қауіпсіздік, залалсыздандыру  жұмыстары бұрын­ғыдан да күшейтілген, – дейді сауда орталығының қаржы жөніндегі директоры Жарқынбек Біржанов.
Қаладағы тұрғындар көп шоғырланатын сауда орындарының бірі – «Жайна» сауда үйі. Мұнда да санитарлық-ағарту жұмыстары жолға қойылған. Сатушылар толығымен арнайы бетпердемен қамтамасыз етіліп, келушілер үшін арнайы дезинфекция құралдары орналастырылыпты.
– Тазалық мәселесі бұрыннан жақсы, осы жағдайға қатысты әкімшілік тіпті күшейтті. Сауда жасау уақытымыз да шектелді. Расы керек, бұрынғыдай емес, халық аз келіп жатыр, сауда жоқ. Біз барлығына да түсіністікпен қараймыз. Барынша елмен біргеміз, – дейді сатушы Бақыткүл Сабытова.
Жылдам тағам әзірлейтін орындарда да келушілер санына шектеу қойылған. Әсіресе, жастар көп шоғырланатын «ТSAR S BURGERS»  дәмханасына барған біз бұны анық байқадық.
– Барлық талаптарды орындау­дамыз. Әрбір жарты сағат сайын еден, терезе, орындық жабдықтар тазаланып, антисептикалық құралдар қойылды. Есік алдына індетке қатысты қорғану туралы парақшалар да ілінген. Келушілерге де ескертіледі. Сағат  22.00-де  қонақтарды шығарып саламыз, – деді дәмхана әкімшісі Гүлшат   Әшірматова.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Тасқараев екі күн бойы 200-ден аса тамақтану орындарында жұмыс кестесіне кешкі (кешкі 22.00-ге дейін) қатысты түсіндірме жұмыстары тоқтаусыз  жүргізілгенін айтты.
– Кафе, тойханаларда 50 адамға дейін ғана шектелген жиын болатын болса, оның өзі жаңағы біз айтып өткен уақытқа дейін ғана. Адам өмірі ең бас­ты байлық екенінін ескеруіміз қажет. Түсіндірме жұмыстары жүргізілгеннен кейін, тапсырмаға аса мән бермеген кәсіпкерлік субъектілерімен заң аясында жұмыс істейтін боламыз. Алдымен әкімшілік айыппұл, тіпті, қылмыстық іс қозғалуы да әбден мүмкін. Ал енді шағын және орта бизнес өкілдеріне берілетін көмек туралы министрліктен тапсырма келген уақытта әлеуметтік желіге жариялайтын боламыз, – деді  басқарма басшысының орынбасары Мұрат Тасқараев.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 наурыз 2020 г. 389 0