Қызылорда облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі Қызылорда қаласындағы Пригородное орманшылығы №30-35 орман айналымында өрт-тактикалық жаттығу өткізді, деп хабарлайды ҚО ТЖД «ӨСжәне АҚЖҚ»ММ баспасөз қызметі.
Мақсат - орман өрттерін сөндіру үшін жиынтықталатын құрылымдардың дайындығын тексеру, өрт-тактикалық жаттығуға қатысушылардың орман алқаптарында шартты өрттерді сөндіруді ұйымдастырудағы тәжірибесін арттыру, өрт сөндіру жетекшілерінің жағдайды бақылауы мен шешуші бағыттағы жауынгерлік іс-қимылдарын анықтау болып табылады. Өзара бірлесіп жұмыс жасау нұсқаулығына сәйкес «Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау» ММ және Апаттар медициналық орталығының қызметкерлері қатыстырылды.
Оқу-жаттығуда ойластырылғандай орманда демалғандардың алауды сөндірмей қалдыру салдарынан, орман айналымындағы Қалғандария елдімекенінің маңында өрт шықты. Дабыл бойынша қала өрт сөндіру бөлімдерінен 5 өрт сөндіру автокөлігі мен 45 қызметкер жұмылдырылса, «Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау» ММ тарапынан құрамында 30 қызметрі бар 3 техника оқиға орнына жетіп, бірлескен шапшаң қимылдың арқасында өртті дер кезінде ауыздықтады.
Өткізілген оқу-жаттығуда қойылған міндеттер мен мақсаттар толық орындалды.