Баға тұрақты

Биылғы I тоқсанға бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағасының шекті мәнінен өнімдердің бөлшек саудада бағасы 15% жоғарылаған жоқ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сейілбек Нұрымбетов мәлімдеді.

– Бүгінгі күні тұрақ­тан­дыру қорында 1199,9 тонна өнім бар. Қазіргі уақытта астық нары­ғындағы қалыптасқан қымбатшылық жағдайға байланысты өңірлік тұрақтандыру қорына алынған ұн әлеуметтік нан пісіретін наубайханаларға төмен бағада берілуде. Ресми статистикаға сәйкес бөлке нанның орташа бағасы – 71,5 теңге. Әлеуметтік дүкендерде нан 55 теңгеден, – деді Сейілбек Серғазыұлы.

Сондай-ақ, биыл кәсіпкерлік субъектілерге несие беру жаңа қағидасына сәйкес әлеу­­меттік нанның бағасын тұрақтандыру, ұн өндіруші кәсіп­орындардың үздіксіз ұн­мен қамтамасыз етуіне, астық қорларын қалыптастыру үшін жергілікті бюджеттен 100 млн теңге бөлінді.  Бүгінде облыс орталығында 26 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Жыл ішінде 20 дүкен салу жоспарлануда.

Төтенше жағдайға байланыс­ты, тауарөндірушілер өнімдерін делдалсыз сату мақсатында барлық әлеуметтік дүкендерді тікелей тауар өндірушілерге және көтерме сауда субъектілеріне, жеке кәсіпкерлерге беру жұмыстары жүргізілуде. Мұнан өзге, әлеуметтік дүкендердегі өнімдердің бағасына апта сайын мониторинг жүргізіліп, тұрақты бақылауға алынған.

– Мониторинг бойынша нарық­та картоптың орташа баға­сы – 120 теңге, жуа – 80 теңге, сәбіз – 100 теңге болса, әлеуметтік дүкендерде картоп – 83 теңге, жуа – 75 теңге, сәбіз 82 теңгеден сатылуда. Сондай-ақ, тұрақтандыру қорына қарасты Қызылорда қала­сындағы әлеуметтік дүкендерде наубайханалардың босату баға­сында нан 55 теңгеден сатылса, макаронның келісі – 150, күріш – 200, қант – 170, бірінші сортты ұн – 122 және өсімдік майының литрі 340 теңгеден сатылуда. Жұқпалы вирустың таралу қаупі салдарынан өнімдер тапшылығын болдырмау және АҚШ доллары курсының өсуіне байланысты іс-шаралар жасалуда. Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының жағдайын реттеу үшін тұрақтандыру қорына қосымша қажетті 537,6 млн теңгеге 3903 тонна өнім сатып алу жоспарланды, – деді Сейілбек Серғазыұлы.

Тұрақтандыру қорының өнім­дерін сапалы сақтау үшін, сыйымдылығы 2000 тонналық қойма құрылысы аяқталған. Қазіргі уақытта қойма пайдаланылуда.

Айта кету керек, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан ауыл шаруашылығы өнімдерін ел аумағына алып келуге және Қазақстан арқылы транзиттеуге шектеу енгізілген жоқ.

«СБ» ақпарат.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 наурыз 2020 г. 376 0