Қызылорда: 100-ден астам шетелдік жұмысшы территорияға кіргізілген жоқ

Аймақта шетелдік жұмыс күшін тартатын 22 кәсіпорын бар. Қазіргі таңда берілген 196 рұқсат бойынша 87 шетелдік (Қытай-85, АҚШ -1, Сербия -1) жұмыс істейді. Қалған 109 шетел азаматы облысқа кіргізілмеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гаухар Қалмақова мәлімдеді.

«Өңірімізде қазақ-қытай ынтымақтастығы аясында 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұлар - шыны және цемент зауыттары. Сондай-ақ, зауыттарға шетелдік жұмыс күшін тарту -инвестициялық келісім-шарт аясында жүргізіледі», - деді Гаухар Амангелдіқызы.

Сонымен қатар, зауытта 214 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде, инвестициялық жоба аясында рұқсат алған - 35 Қытай азаматы. Бұған қоса, өткен жылдың желтоқсан айында 32-і қытай азаматы еңбек демалысына шығып, елдеріне оралды. Қазіргі уақытта 3 шетел азаматы зауытта жұмыс істеуде.

Айта кетейік, еңбек демалысына шыққан Қытай азаматтарына елге кіруге рұқсат берілмеді. Мұнан өзге, инвестор жұмысын қазақстандық компанияларға беруді жоспарлауда. Берген жағдайда кадр қажеттілігі жергілікті еңбек нарығы есебінен жабылады.

Қазіргі таңда Қазақстан-Қытай шекарасындағы жағдайға байланысты қытай мамандарының келе алмауына сәйкес зауыттың іске қосылуы шілде айына жылжытылды.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 наурыз 2020 г. 634 0