«Бақытты отбасының» екінші кезеңі

Елімізде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Бақытты отбасы» бағдарламасының екінші кезеңін іске қосты. Аталған бағдарлама бойынша қызылордалық 197 отбасы баспана мәселесін шешті. Оған қоса тағы 14 отбасы несие бойынша мақұлдау алып, болашақ тұрғын үйін іздестіруде.
Баспана мәселесі шешілген тұрғындардың 85-і көпбалалы, 91-і толық емес, 21-і мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отыр­ған отбасылар. Биыл олар үшін бюджет тарапынан бөлі­нетін лимит мөлшері екі есеге ұлғайтылды. Бұл бағытта қа­ралған қаржы көлемі 100 млрд теңгені құрайды. Бағдарлама бойынша несиелік өтінімдер 12 наурыздан бастап қабылдануда.
– Негізгі мақсат – еліміз­де әрбір отбасының баспаналы бо­луын қамтамасыз ету. Бұл ойы­мыз толық орындалып ке­леді. Елімізде бағдарламаға қа­тысқан отбасыларда 14 мыңға жуық бала тәрбиеленіп отыр. Бүгінде олардың әрбірінің жеке бөлмелері бар, онда сабағына дайындалып, ойын ойнай алады. Сондықтан әлеуметтік маңызы зор бағдарламаны жалғастыруға мән беріліп отыр. Оның несие беру шарттары да толықтай сақ­талған. Бұрынғыдай 10 про­центтік бастапқы жарнасы бар, займ мөлшерлемесі 2 процентті құрайды. Биылғы өзге­ріс ең жоғары табыс көлемі бо­йын­ша енгізілген. Енді ол күн­көріс минимумының мөлше­рі­не сәйкес есептеледі,  – деді  «Тұр­ғын үй құрылыс жинақ бан­кі» Қызылорда филиалы ди­ректорының орынбасары Ілияс Жұрынов қалалық баспасөз орталығында өткен брифингте.
Оның айтуынша, талаптарға сәйкес жеңілдетілген займ алу үшін әрбір отбасына келетін табыс мөлшері соңғы жарты жылда ай сайын екі күнкөріс минимумынан аспауы тиіс. Ол шамамен 62 366 мың теңгені құрайды. Осылайша бұрынғы жылдары бұл талапқа сай келмеген отбасылар биыл бағдарламаға қатыса алады. Сондай-ақ, бағдарлама бойынша пәтерді жаңа және қолданыстағы үйлерден алуына болады. Тағы бір айта кетерлігі, әрбір азамат жер үй де сатып алуына мүмкіндік бар. Ең жоғары займ сомасы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырау қалаларында 15 млн теңгені құраса, ол еліміздің өзге өңірлерде 10 млн теңгеге жуық.

«СБ» ақпарат.      
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 наурыз 2020 г. 227 0