Кәсіпкерлердің 27%-ы несие төлемін шегере тұруға мұқтаж

«Атамекен» ортақ мәселелерді анықтап, ұсыныстарды шоғырландыру мақсатында бизнес-қоғамдастық арасында сауалнаманы іске қосты. Бұл ақпарат Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ҚР Үкіметі алдында қазақстандық бизнеске келтірілетін залалды мейлінше азайтуға бағытталған тиімді шараларды ұсынуға көмектеседі.
12 наурыздан бастап түрлі арналардан (сауалнама, колл-орталық, әлеуметтік желілер, ӨКП) «Атамекенге» 3 мыңнан астам кәсіпкер жүгінді. Өтінім жасағандардың басым бөлігі (86%) шағын және орта бизнес өкілдері. Қатысушылардың 69%-ы қызмет көрсету саласында жұмыс істейді (атап айтқанда 25%-ы туризм).
  Өкінішке қарай,   сауалнамаға қатысушылардың 52%-дан астамы коронавирустың таралуы салдарынан оларға келісімшарттық міндеттемелерді бұзуға тура келгенін айтты. Кәсіпкерлер міндеттемелерді орындамау себепті айыппұлдық санкцияларды төлеуге мәжбүр болғандарын айтуда.
Барлық кәсіпкерлерде дерлік сұраныс төмендеп жатыр, сәйкесінше, компания айналымы да төмендеген, алайда тұрақты шығындар көп.  Сауалнамаға қатысушылардың 34%-ы «орынжайды жалға алуды» ағымдағы жағдайда компанияларына қаржылық ауыртпалық ретінде көрсеткен. Еңбекақыны төлеу қоры (30%) – бизнеске анағұрлым әсер ететін екінші жағдай. Коммуналдық қызметтерді төлеуді респонденттердің 13%-ы таңдаған.
 Кәсіпкерлердің көбі кадрларға қатысты сұрақтар қойып жатыр. Еске салсақ, қызметкерлерді қашықтықтан жұмыс істеу режиміне ауыстыру ұсынылуда, ал егер бұл мүмкін болмаса, онда өндірістің тұрып қалуына байланысты мерзімсіз демалыс жариялау ұйымдастыруға болады. Өндірістің тұрып қалу кезеңінде еңбекақыны төлеу тәртібі қызметкер және жұмыс беруші арасындағы келісім бойынша  реттеледі, төлем мөлшері ең төменгі еңбеакқы көлемінен төмен болмауы керек.
  Сауалнамаға қатысушылардың 34%-дан астамы қызметкерлерді мерзімсіз демалысқа жібереміз деп жауап берді, 19%-ы – толық емес жұмыс күніне ауысатындарын белгіледі.
  Кәсіпкерлер зардапты төмендету бойынша қандай шараларды күтеді? Респонденттердің 30%-ы салықтық жеңілдіктер айтарлықтай қолдау болады деп санайды. 27%-ы – несиелік міндеттемелер бойынша шегерімді, 23%-ы – ситуацияны форс-мажорлық деп тануды, 20%-ы – компанияның еңбек ресурстарын қолдау қажет деп санайды.
  Орын алған ситуацияда «Атамекен» ҰКП бизнеске түсетін залалды азайту үшін келесі шараларды қабылдайды:
•біріншіден, Ұлттық палата бүгіннен бастап (16 наурыз) Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы және екінші деңгейлі банктермен несиелік міндеттемелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру немесе басқа да жеңілдіктерді қарастыру бойынша кеңесуді бастайды;
•екіншіден, аталған зерттеулер Ұлттық экономика министрлігіне жіберіледі, онда пандемия экономикалық салдары туралы ақпарат жинақталуда. Ұлттық палата өндірістің мәжбүрлі тұрып қалуы кезеңінде жеке компаниялардың қызметкерлеріне өтемақы төлеу шарасын ұсынатын болады;
•сондай-ақ, шағын және микро бизнеске салықтық демалыс енгізілгендіктен, ҰКП салықтық демалысты орта бизнеске енгізу мүмкіндігін талқылауда.
 Айта кетелік, «Атамекен» ҰКП  ҚР Үкіметімен бірлесіп, қазақстандық бизнеске келтірілетін залалды мейлінше азайтуға бағытталған тиімді шараларды қолға алу үшін ақпаратты жинау және талдау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Ертең, Үкімет отырысында алғашқы шешімдер айтылады деп күтілуде.
 Ұлттық палата жанынан көмек берудің жедел штабы жұмыс істейді, оған коронавирус салдарынан кәсібі залал көрген кез келген отандық кәсіпкер хабарласа алады (call-орталық 1432). Сонымен қатар сілтеме бойынша сауалнамаға қатысуға болады.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 наурыз 2020 г. 138 0