Ақтөбелік майдангер Ғизат Тоқтабаев басындағы оқпен 15 жылдан астам уақыт бойы жүрген. Бұл туралы Ұлттық ұлан жауынгерлері соғыс ардагерлерінің үйіне барып, құттықтаған кезде мәлім болды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз хатшысы, подполковник Ерболат Сұлтановтың айтуынша, қазіргі кезде Ақтөбе қаласында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 25-тей майдангер тұрады.
«Біз – Жеңістің мұрагерлеріміз!» атты республикалық эстафета аясында 6655-әскери бөлім жауынгерлері ақтөбелік соғыс ардагерлері тұратын үйлердің алдынан шерулетіп жүріп өтіп, құрмет көрсетті. Әскери оркестр майдан әндерін орындады. «Батыс» өңірлік қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Бақыт Алазов майдангерлерге ҚР Ішкі істер министрінің атынан алғыс хаттар, сондай-ақ гүл шоқтары мен ескерткіш сыйлықтар табыс етті. Ғизат Тоқтабаев үйіне келген меймандарға әскери жолы туралы әңгімелеп берді. 1942 жылы алдыңғы шепте болған Ғизат Мұхтарұлы шабуылға алғашқылардың бірі болып көтеріледі. Сол сәтте басынан оқ тиеді. Оны өлдіге санап, орман ішінде жерлеуге қалдырады. Әйтсе де су ішерлігі бар екен, оның тірі екенін білгендер госпитальға жеткізеді. Онда бастың ішіндегі оқты ала алмайды.
Емделіп шыққаннан кейін ол байланысшы қызметін атқарады. Соғыс біткеннен соң 15 жылдан кейін ғана Ғ.Тоқтабаевтың басындағы жарықшақ алынады. Сол кезде «Бұл – таңғажайып жағдай», деп дәрігерлер бас шайқаған екен. Ұлттық ұлан жауынгерлері құттықтаған майдангердің бірі Борис Иванович Конюшенко 92 жаста. Жасы жетпесе де, Сталинге хат жазып, әскерге алынған ол Қытайда арнайы тапсырмамен қызмет етті. 1949 жылы елге оралғаннан кейін 44 жыл бойы Ақтөбе әуежайында еңбек етті. Қазіргі кезде зайыбы, 43 жыл бойы радист болған Елена Павловнамен бірге екі немересін тәрбиелеуде. Тағы бір майдангер Михаил Иванович Диденко әскер қатарына 17 жасында 1943 жылы шақырылған. 3-Белорус майданы 92-атқыштар дивизиясы 31-батальоны құрамында пулемет расчетінің командирі болған М.Диденко Вильнюс, Каунас, Пруссиядағы кескілескен ұрыстарға да қатысады. «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған майдангер соғыстан кейін ішкі істер органдарында қызмет етті. Ол да өзіне құрмет көрсеткен Ұлттық ұлан жауынгерлеріне ризашылығын білдірді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ұлттық ұланның 100-ден астам сарбазы Оралда майдангер үйінің алдында шеру ұйымдастырғанын жазған болатынбыз.