Қазалыда зәбір көрген 350 азаматшаға кеңес берілген

Қазалыда зәбір көрген 350 азаматшаға кеңес берілгенҚазалы ауданының орталығында үкіметтік емес ұйымдар, жастар қоғамдық бірлестіктері, құқық қорғау органдарының өкілдері, ішкі саясат бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен "Зорлық-зомбылықсыз өмір – сенің құқығың” атты семинар болып өтті, деп хабарлайды аудандағы Жастарды қолдау орталығы.
Семинардың күн тәртібі бойынша аудандық ішкі істер бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы полиция майоры Б. Айымқұлов "Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағыты” тақырыбында ағымдағы жылдың 7 айында ішкі істер бөлімінде атқарылған жұмыстарды баяндап берді. Оның мәлімдеуінше, өткен жылдың осы мерзімінде отбасы-тұрмыстық салада 3 қылмыс орын алса, биыл мұндай келеңсіз жайттар болмаған көрінеді. Ал "Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы” заңына байланысты тұрмыстық ортада құқық бұзушылық әрекеттермен үнемі көзге түскен 128 тұлғаға қорғау нұсқамалары шығарылған. Зәбір көрген 350 азаматшаға құқықтық кеңестер берілген.
Сондай-ақ "Самұрық” инновациялық идеяларды дамыту орталығы” қоғамдық қорының психологы А.Елеусінованың "Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда "Қамқорлық” дағдарыс орталығының атқарған жұмыстары жайлы” хабарламасы тыңдалды. "Қамқорлық” дағдарыс орталығының жеке ғимараты бар, құқықтық қысым көріп келгендерге 3 мезгіл тамағын ұсынып, заң тұрғысында қажетті кеңестер береді. Үйсіз қиналып жүрген жандарды қамқорлықтарына алып, оларға баспана тауып беруге жәрдемдеседі. Жаны күйзеліп, сан қилы сұрақтарға жауап таппай, тығырықтан шығу жолдарын іздегендерге психологиялық көмек береді. Орталықта әйелдер, ерлер, психологиялық сұхбат жүргізіп, тренинг өткізетін арнайы бөлмелер және асхана қарастырылған.
"Самұрық” инновациялық идеяларды дамыту орталығы” қоғамдық қорының атқарушы директоры Э.Тұсмағамбетова өз сөзінде әр отбасында бір психолог болу міндетті жағдай екенін жеткізді. Психолог жанұяда болған жанжалды құпия ұстап, шиеленісті оңтайлы шешуі керек. Қазір нәзік жандылардың құқы көп тапталады. Дағдарыс орталығына көбіне әйелдер жабырқаған жанына демеу сұрап, Шиелі, Жаңақорған ауданынан, Қызылорда қаласынан келеді екен.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 тамыз 2014 г. 842 0