Миланнан коронавирус жұқтырып келген қазақстандықпен бір бортта болған 89 жолаушының бәрі анықталды

Миланнан коронавирус жұқтырып келген қазақстандықпен бір бортта келген 89 жолаушының бәрі анықталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлім етті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«13 наурызда Нұр-Сұлтанда Миланнан «Мәскеу-Нұр-Сұлтан» әуе рейсі арқылы келген әйелден коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталып, қаламызда бірінші жағдай тіркелген еді. Италия, өздеріңіз білетіндей, эпидемиологиялық ахуал бойынша 1А санатына жатады. Яғни, осы елден келген азаматтар оқшаулануы керек. Осы ереже бойынша Қазақстан азаматы оқшауландырылып, оған лабораториялық зерттеу жүргізіліп, ол адамның коронавирусты жұқтырғаны анықталды», - деді басқарма басшысы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, коронавирус инфекциясын жұқтырған әйелмен бірге бортта 89 жолаушы болған. Оның ішінде 42 - Қазақстан азаматы, шетелдік 47 азамат болған (РФ – 42, Нидерланды – 1, Австралия – 1, АҚШ – 1, Украина – 1, Мексика – 1). «Осы 89 адамның бәрі де табылды. Осы адамдардың ішінде Нұр-Сұлтаннан сыртқа 35 жолаушы шығып кеткен. Оның ішінде 14-і Қазақстан ішіне тарап кеткен. Өңірлердегі әріптестерімізге олар туралы мәліметті бердік. Бүгін сағат 08.00 кезінде осы адамдарды табу бойынша тексеру жүргіздік. Аймақтарда оларды оқшаулау бойынша жұмыс жүргізілуде», - деді ол.
Сәуле Қисықова аталған борттағы тағы 21 жолаушы Ресейге ұшып кеткенін айтады.
 «Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 54 жолаушының 53-і елордадағы стационарларға жатқызылған. РФ-ның бір азаматы дипломатиялық ранг пен РФ елшілігінің нота беруіне байланысты елшілік аумағында қалды. 57 адам ауруханаға толығымен жатқызылды. Толыққанды лабораториялық жұмыс жүргізілді. Нәтиже тексерілуде», - деді ол.




ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 наурыз 2020 г. 304 0