Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев биыл да жылдағы дәстүр бойынша бір топ жасқа «Сыр үміті» сыйлығын табыс етті. Аталмыш сыйлыққа ие болғандардың арасында Арал қаласының тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі азамат Шайхы-Ислам Мағауияұлы да бар.
Шайхы-Ислам 1992 жылы дүние есігін ашқан. 2000 жылы мектеп табалдырығын аттап, 2007 жылдан білімін №2 кәсіптік-лицейде жалғастырған.
Жастайынан өнерге құштар жан зергерлік, ұсталық өнерімен талайдың көңілінен шығып жүр. Жанарының толыққанды көре алмауына қарамастан өмірге деген құштарлығы жоғары жігіт республикалық «Бәріміз бірдейміз-кемсітуді білмейміз!» атты мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткізілген сайыстың аудандық, облыстық деңгейінде «Үздік жасампаз» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.
Құмнан, тастан, саздан, қайың ағашынан жасаған ыдыс-аяқтарына, мүйізден, малдың сүйегінен, теріден, түсті металдардан жасалған бұйымдарына сұраныс жоғары. Соған байланысты 2013 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналыса бастады. Қазіргі таңда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тапсырысымен «Жас Арал өрендері» ҚБ-де «Инватакси» әлеуметтік қызметі аясында диспечер қызметін атқаруда.