Түркістан мен Қызылорда облыстарында су тасқыны болмайды. Себебі Сырдария өзенінде мұз кептелісі жоқ. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Керісінше, биыл елордаға жақын Қосшы ауылын тағы су басып кетуі мүмкін. «Нұр-Сұлтан қаласына жақын жерде алдымен Нұра өзенімен Қарағанды облысынан су көп келеді деген болжам бар. Осы орайда Қосшы елдімекеніне қауіп төніп тұр», – деді Ильин журналистерге берген сұхбатында.
Министрдің орынбасары өткен жылы Қосшыда болған жағдайды да еске алды. Сол кезде ауылдың халқы ауыз сусыз қалды. Себебі ұңғымаларды су басып, іші лайланып кеткен.
«Қазіргі кезде су ұңғымаларының айналасында жерді үйіп жатыр. Бұдан бөлек, 20-сына қарай тағы үш жаңа ұңғыманы бұрғылап қояды. Соның арқасында ауыз су жағынан қиындық болмайды», – дейді Ильин.
Мыңнан астам қазақстандық карантинге жабылған
Демалыс және мереке күндеріне арналған болжам
Еліміздің бірқатар өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды
Оның сөзіне қарағанда, жалпы Ақмола облысында Нұра, Есіл, Қалқұтан мен Жабай өзендерінің бойында орналасқан 42 елдімекенді су басу қаупі бар. Бес облыста жағдай қиын болады деген болжам бар.
«Олар – Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Павлодар мен Шығыс Қазақстан облысы. Осыған байланысты біз жергілікті атқарушы органдарымен бірге өзен арналарын қопсыту, мұзды жару және тағы басқа шараны бастап кеттік. Солтүстік Қазақстан облысында қар қалың, мұз да көп. Сондықтан айдың аяғына қарай осы аймақта да алдын алу жұмыстары жүргізіледі», – деді Ильин астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Ал Түркістан мен Қызылорда облыстарында су тасқыны болмайды. Себебі Сырдария өзенінде мұз кептелісі жоқ.
Министрлік қанша ауылға су кіретінін де есептеп шықты. Бас кезінде ондай ауылдардың саны 1040-тан артық болған. Алдын алу шаралары арқасында 487 елдімекен ол тізімнен шығарылды. Қазіргі кезде 287 ауылда тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Онда да қауіп болмайды.