Қазақстандық спортшылар Токио Олимпиадасына 37 жолдама жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Иорданияның Амман қаласында өткен бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде лицензияға қол жеткізген барлық боксшылардың есімі белгілі болды. Қазақстан боксшыларынан ерлер құрамасы 7, әйелдер құрамасы 1 жолдамаға ие болып, жалпы жолдамалар санын 37-ге жеткізді. Айта кетсек, аталған Олимпиадалық іріктеу турнирінде ерлерден 8 салмақ, әйелдерден 5 салмақ санатында жалпы 13 боксшы сынға түсті. Атап айтқанда, ерлерден 52 келі салмақта Сәкен Бибосынов, 57 келіде Серік Теміржанов, 63 келі салмақта Зәкір Сафиуллин сынға түссе, қазақтың «салмағы» атанып кеткен 69 келіде Абылайхан Жүсіпов ел намысын қорғады. Ал 75 келі салмақ санатында Әбілхан Аманқұл, 81 келіде Бекзад Нұрдәулетов, 91 келі салмақта Василий Левит және аса ауыр салмақта (+91 келі) Қамшыбек Қоңқабаев ел намысын қорғады. Осы аты аталған боксшылар арасынан Сәкен Бибосыновтан басқасының барлығы Токио Олимпиадасына жолдама жеңіп алды. Ал қыздар боксынан 51 келіде Ангелина Лукас, 57 келіде Дәметкен Келімбет, 60 келі салмақта Римма Волосенко, 69 келіде Валентина Хальзова және 75 келі салмақта Надежда Рябец ел намысын қорғады. Бұл боксшылар арасынан тек қана Надежда Рябец Токио Олимпиадасына жолдаманы ұтты. Осылайша, қазақ елінің спортшылары дәл қазіргі есеп бойынша Токио Олимпиадасына 37 жолдама жеңіп алды. Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін жолдамалар саны 35-ке жеткені туралы жазған болатынбыз.