Атырауда республикалық ақындар айтысы өтпейтін болды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Бүгін бұл туралы Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев айтты. Бұған дейін Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен 21-22 наурызда Абайдың 175 жылдығына орай «Қалың елім, қазағым...» атты республикалық ақындар айтысын өткізу жоспарланған еді.
Ақындар айтысы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өтуі тиіс болатын. Оған елімізге танымал айтыс ақындары Айбек Қалиев, Төлеген Жаманов, Аспанбек Шұғатаев және өзге де халық ауыз әдебиеті қатарындағы ұлттық өнердің шеберлері қатысатыны хабарланып еді.
«Қазір әлем елдерінде коронавирус дертінің таралу ауқымы кеңейіп барады. Осыған орай елімізде аталған вирустың алдын алу, сақтандыру шаралары қолға алынды. Біз де осыған орай республикалық айтысты өткізуді кейінге қалдырдық» -деді Қойшығұл Жылқышиев. Оның айтуынша, Атырауда республикалық ақындар айтысы мамыр айының соңына таман өтуі мүмкін.