Италияның солтүстігінде карантин жарияланды. Онда 16 млн адам тұрады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.
Италия билігі коронавирус өршіп тұрған елдің солтүстік аймағын карантинге жабу туралы шешім қабылдады. Бұл аймаққа кіріп-шығу жолдары жабылды. Карантинге 16 млн адам алынған. Шектеу шараларын енгізу туралы Италияның премьер-министрі Джузеппе Конте жариялады. Бұл шаралар Ломбардияның бүкіл әкімшілік аймағына, сондай-ақ елдің басқа аудандарындағы 14 провинцияға да қатысты. Сондай-ақ туристер арасында танымал Милан және Венеция қалалары да карантинге жабылады. Контенің айтуынша, бұл тек осы аймақтарға кіріп-шығуға тыйым салу ғана емес, сонымен қатар карантин аймағындағы қозғалысқа да шектеу қойылған. Мұражай, тау шаңғысы курорты, бассейн, спорт залдары, түнгі клубтар және бұқаралық немесе мәдени шаралар өтетін басқа да орындар жабылады. Мейрамханалар мен дәмханалар жұмысын жалғастыра береді, бірақ келушілер бір-бірінен кемінде бір метр қашықтықта отыруы керек. Карантин аймағында тұрған адамдарға, үйден шықпауға кеңес беріледі.
Карантин режімін бұзғаны үшін үш айға дейін қамауға алу қарастырылған. Барлық спорттық шара көрерменсіз өтетін болады. Шектеу кемінде 3 сәуірге дейін жалғасады. Ломбардияның өзінде ғана 10 млн-ға жуық адам тұрады. Карантин аймағына барлығы шамамен 16 млн адам алынған. Италия еуропалық елдер ішіндегі коронавирустан ең көп зардап шеккен ел. Соңғы дерек бойынша, Италияда коронавирус жұқтырған 5 900-ге жуық жағдай расталған, 230 адам көз жұмған, оның ішінде 50-і – кеше қайтыс болған. Қазір әлем бойынша вирус жұқтырғандар саны 105 мың адамнан асқан, олардың 24 мыңы – Қытай аумағында. Инфекциядан 3 400 адам көз жұмған болса, соның 3100-і –Қытай тұрғындары.