Қызылордада облыстық денсаулық сақтау басқармасы бюджет қаржысын оңды-солды шашып келген. Сөйтіп бар-жоғы бір жарым жылдың ішінде мемлекеттің 120 млн. теңгесін желге ұшырған, деп хабарлайды tv7.kz.
Облыс прокурорлары «басқарма қаражатты негізсіз жоспарлап, соңы осындай жағдайға жетті» деп отыр. Олардың айтуынша, науқастарды емдеуге сатып алынған дәрілер ұзақ уақыт қоймада жатып қалған. Сөйтіп мерзімі өтіп, 52 млн. теңге ысырап болған. Ал құны 73 млн. теңге болатын дәрі-дәрмектің жарамдылық уақыты бітуге жақындағаны тек прокурорлар тексергенде ғана белгілі болыпты. Осылайша, біршамасының қорабы қоймада жатып сарғайса, енді бір науқастар тегін берілетін дәріге қол жеткізе алмаған.
НҰРБОЛАТ ДҮЙСЕНБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:
- Науқас адамдарға қажетті дәрілік заттарды сатып алмау деректері де орын алған. Мысалы айтатын болсақ, Б гимофелиясымен ауыратын науқас адамдарға 2013 жылы бюджеттік өтінім берілсе, ал 2014 жылы мүлдем бұл санатта ауыратын науқас адамдарға дәрілік заттар сатып алынбай конституциялық құқықтарына нұқсан келген.
Бұл «облыстық денсаулық сақтау басқармасының нақты ауру санын анықтамағандығынан және алынған дәрілерге бақылау болмағандығы салдарынан болып отыр», - дейді прокурорлар. Қазір тергеуге дейінгі тексеру жұмыстары жүргізілуде.