Жарық дүние дәнекері

Кез келген ана үшін сәбиін  аман-есен бауырына басқаннан артық бақыт жоқ. Бірақ  соңғы кезде шала туылған нәрестелердің көбеюі,  денсаулығында туабітті ақауы бар балалардың жиі кездесуі анасы тұрмақ, кеудесінде жүрегі бар жанның бәрін алаңдатпай қоймайтыны рас. Ал оларға өмірге келген алғашқы сәттен бастап күтім жасап, қарау – перзентханадағы неонатолог мамандар міндеті.
Облыстық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің нео­натология саласы бойынша орынбасары, дәрігер-нео­нато­лог Жанна Қалдыбаева өзінің  25 жылдан астам еңбек жолында шала, туабітті ақаумен дүниеге келген нәрестелердің өмірі үшін күресіп келеді. Ол еңбек ете жүріп, мамандығын жете меңгеру, білімін көтеріп, білік­тілігін арттыру мақсатында із­денуден жалыққан емес. Шала туған нәрестелер мен туабітті ауруға шалдыққан шақалақтар өміріне араша түсуде әлемдік тәжірибелерді түйіп, озық жа­ңалықтарды қалт жібермей, меңгеруге тырысып жүреді. Осы мақсатта 2012 жылы Литва мемлекетінің Каунас қаласында «Алғашқы реанимациялық кө­мек көрсету» тақырыбында оқу курсынан өтсе, 2018 жылы Астана қаласында 136 мем­лекеттің неонатологтары   бас қосқан форумға қатысып, бі­ліктілігін көтерді. Сол жылы сонымен бірге Корея мемле­кетінің Сеул қаласындағы Се­веранс клиникасында болып, нәрестелерге экстремальді кө­мек көрсетудің қыр-сырына қа­нықса, былтыр Мәскеу қала­сындағы Сперанский атындағы балалар орталығында шұғыл жағдайда балаларға көмек көр­сету бойынша оқу курсынан өтті. Одан бөлек, былтыр Жанна Сраждинқызы Австрияның Вена медици­налық университеті мен көпса­лалы ауруханасындағы неона­талды бөлімшесінде болып, «Шала туылған нәрестелер реа­нимациясы. Вена концеп­циясы» тақырыбындағы конфе­рен­цияда ағылшын тілін­де пре­зентация жасады.
– Қаншама елдерге шы­ғып, тәжірибе жинақтап жүр­мін. Сонда байқағаным, біздің ма­мандарымыз да ешкімнен кем емес. Сол сияқты ол елдер­дегі  түрлі заманауи аппараттар да бізде бар. Мәселен, Корея­ны алсақ, шала туған нәрес­те­лерге ол жақта қандай көмек көрсетіледі, қандай күтім жа­салады қазіргі кезде біздің мамандар да сол әдіс-тәсілдерді қолданып жатыр. Соңғы үлгі­дегі құрал-жабдықтарымыз да жеткілікті, – дейді ол.
Дүниеге келген әр баланың отбасына аман-есен оралуы үшін аянбай күресіп  жүрген Жанна Сраждинқызының  еңбе­гіне біз де табыс тіледік.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 наурыз 2020 г. 430 0