Өнегесі өшпейді

Өмір дегеніңіз көзді ашып-жұмғанша өтеді екен. Қамшының сабынан да қысқа ғұмырда бақытты сәттеріміз бен қуаныштарымызға куә болған әулетіміздің қариясы осыдан екі жыл бұрын өмірден озып еді. «Әулетімізді айрандай ұйытқан ол кісі бауырларына қамқор, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуден танбайтын жаны таза, жақсы жан еді ғой» деп үлкендер жиі айтатын. Әжемнің әрбір айтқан сөзі құлағымнан әлі күнге дейін кетпейді. Ол кісінің әңгімесі, берген батасы – бәрі, бәрі қазір ойлап отырсам, үлкен қазына екен.
Оның қолынан бәрі келетін, өте еңбекқор жан еді. Үйге келгенде қарап отырмай бізге қыста киетін шұлық тоқып беретін. Жасы сексеннен асқан­ша газетті көзілдіріксіз оқыды, теледидардан жаңалықтарды үз­бей көрді. Жүн жуу, кептіру, сабау, киіз басу, тұскиіз ойып, тігудің хас шебері еді. Не деген сүйегі асыл, рухы мықты адам болған деп осы күні таң қаламын. Кезінде әкем мен анам енші алғанда өз қолымен үлкен қараша үйдің бау-шуларын тоқып, тігіп беріпті. Сондықтан қараша үйді көзіміздің қара­шығындай сақтаймыз. Әкем мен анам «Апамның көзі ғой» дейді.
Әжем тамақтануға да ерек­ше көңіл бөлетін. Ас ішіп отырғанда тамақты түрткілей бастасаң, «асты қорлама, жейтін болсаң қасығыңды толтырып же, жемесең түрткілеп шұқылай берме. Астың да киесі болады. Тамақты көңіліңе алып, шын жүрегімен жемеген адам ауру болады» деп айтып отыратын. Расында да, қазір ғалымдар асқазан ауруының бірден бір себебі тамақты дұрыс көңіл-күймен жемеудің әсерінен екенін дәлелдеген жоқ па?
Мен 85 жасқа келіп, бүкіл әулетіміздің асыл қазынасы, киесі болған алтын әжеммен мақтанамын, ол кісінің рухы­на тағзым етемін. Кейінгі қария­ларымыз да осындай жақсы­лығымен, ізгі қасиетімен жұрт­тың аузынан түспейтін данагөй, ақылшы бола алар ма екен?!

Ділнәз НАҒАШЫБАЙ,
№28 орта мектеп оқушысы.
Қармақшы ауданы.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 наурыз 2020 г. 463 0