Ұлт руханиятының шамшырағы

 Облыстағы іргелі оқу орындарының бірі – М.Ықсанов атындағы  Қызылорда политехникалық колледжінде «Nur Otan» партиясы «Жібек  жолы» бастауыш партия ұйымымен бірлесіп, «Жүрегімнің түбіне терең бойла» тақырыбында  әдеби-танымдық  кеш өткізілді.
Шарада ұлы ақынның өне­гелі өмірінен мағлұматтар бе­ріліп, әр кезеңдегі шығар­ма­­ларына шолу жасалды. Бала Абай, бозбала Абай, дана Абай өмірінен деректі көріністер қойылып, колледж түлектері ақынның өлеңдерін, қара сөздерін жатқа оқыды. Бүгінгі заман тұрғысынан із­ден­ген талантты жастар ақын өлеңдерінің қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі аудармасын да әдемі жеткізді. Сол сияқты, жас өнерпаздар орындаған Абай­дың “Желсіз түнде жарық ай”, “Көзімнің қарасы” сияқты жан тербейтін әндері көрермен көпшілікке әдемі әсер сыйлады. Айта кетейік, кешті ұйымдастырып, өткізуде колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Гүлмира Жақыпованың еңбегі ерекше.
Шараға облыстық оқу ор­талығы, техникалық және кәсіп­тік білім бөлімінің бас­шысы Бағдәулет Дүрманов, облыс­тық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы, шығыстанушы ғалым, фило­логия ғылымдарының канди­даты Серікбай Қосанов, Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғазиза Әбілда, облыстық тарихи-өлкетану му­зе­йінің бөлім меңгерушісі Эльзира Сағитжанова, дін мәсе­лелерін зерттеу орта­лы­ғының дінтанушысы Бахтияр Оспанов, «Ұстаз мәр­тебесі» газетінің тілшісі, қалалық жастар мәслихатының депу­таты Айдар Сайлауов, сондай-ақ, «Жібек  жолы» бастауыш партия ұйымының өкілдері қатысты.
Кеш қонақтары ұлы ақын­ның өмірі мен шығар­машы­лығына қатысты мазмұнды ойларын ортаға салып, ақын болмысын ашатын тартымды да тағылымды деректерден сөз қозғады. Иә, сол ХІХ ғасырдың өзінде Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов сынды халық ағартушылары Абайдың шығармашылығын биік баға­лап, болашақта ақын есімі ардақ­талып, рухани мұрасының терең насихатталатынына шүбәсіз сенген болатын. Бүгін­гі таңда сол тұлғалардың көре­гендігіне көзіміз жетіп отыр. Расында, ұлы ойшыл Абайдың жалпы дүниетанымы, адами құндылықтарға негізделген ой-толғамдары жаһандық көз­қарас қалыптаса бастаған бүгінгі кезеңнің өзінде ұлттық мәдениетіміздің айнымас үлгісіндей көрінеді.
Кеш соңында колледж ди­ректоры Самат Бегайдаров ша­раның  мазмұнды өтуіне ат­салысқан азаматтарға, оқу ор­нының түлектеріне алғысын білдірді.
«СБ» ақпарат.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 наурыз 2020 г. 516 0