Қазақстанда 14 шаһар қала мәртебесінен айырылады. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Мәжіліс депутатының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
– Кейбір аудандық маңызы бар қалалардың халық саны, экономика құрылымы және өмір сүру жағдайлары ауылдық елді мекендерден еш айырмашылығы жоқ болғандықтан олардың мәртебесін өзгерту мәселесі туындап отыр. Халық саны бойынша өз мәртебесіне сай келмейтін елімізде мұндай 14 қала (Ақмола облысында – 3, ШҚО-да – 2, Қарағанды облысында – 2, Қызылорда облысында – 1, Маңғыстау облысында – 1, СҚО-да – 2 қала) бар, – деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта Мемлекет басшысының 2019 жылдың 2 қыркүйегіндегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын жүзеге асыру бойынша жалпыұлттық жоспардың 74-тармағына және 2020 жылға арналған Үкіметтің заң жобалау жұмысы жоспарына сәйкес, Ұлттық экономика министрлігі «Аудандық, қалалық және аудандық деңгейдегі биліктің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп жатыр. Заң жобасы Парламентке 2020 жылдың қыркүйегінде енгізіледі.
«СБ» ақпарат.