Ақтаулық Арайлым есімді бойжеткен жұмыс іздеп, АҚШ-қа осыдан сегіз жыл бұрын сапарға аттаныпты. Осылайша Work and Travel бағдарламасы бойынша Панама-Сити қаласына келеді. Алғашқы кезде бірнеше жұмысты қатар атқарып жүреді.
– Мен дүкенде сатушы, қонақ үйде тазалықшы, аспаздың көмекшісі болып жұмыс істедім. Екі ауысымда жұмыс істеуге тура келді. Америкада негізгі жұмыс уақыты 8 сағатқа созылады, одан артық жұмыс істесең, қосымша ақы аласың. Демек, былайғы уақытта сағатына 7 доллар жалақы төлейтін болса, қосымша уақыт болған кезде 10,5 доллардан болып шығады. Әйтсе де, көптеген жұмыс берушілер артық ақша төлегісі келмегендіктен, аптасына 40 сағаттан артық жұмыс істетпеу жағын ойластырады, – дейді Арайлым baigenews.kz. сайтына берген сұхбатында.
Десе де, тұрғын бөлме, көлікті жалға алу, сақтандыру және тағы басқа шығындарды төлеп тұру үшін Арайлымның бір тәуліктегі жұмыс уақыты 16 сағатқа дейін созылатын. Жұмысқа барып қайту уақытын алып тастағанда ұйықтауға бес сағаттан қана уақыт қалып жүрді. Қонақ үйде тазалықшы болып жүргенде демалыс күндерін беріп тұрады. Сол кезде дүкенде сатушылықты атқарып жүрген. Сондықтан демалыс деген арман іспеттес болды дейді Арайлым.
Алғашқы кезде Арайлым мамандық квалификациясын сұрамайтын жұмыстар істеп жүрген. Уақыт өте келе бір өзгеріс қажет екенін сезінеді. Содан арнайы курста оқып, жоғары ақы төлейтін жұмысқа тұру туралы шешім қабылдайды.
– Күні бойы тік тұрып істейтін жұмыс ұнамады. Сол кезде алысқа қатынайтын жүк көлігінің жүргізушісі вакансиясы туралы естіп білдім. Көп ойланбастан жүргізушілер мектебіне төлейтін 2 мың доллар ақша жинауға кірістім. Курсты оқып бітіріп, барлық емтихандарын тапсырып, көптен күткен лицензияға қол жеткіздім, – дейді ол.
Алайда, алысқа қатынайтын жүргізуші жұмысы оңай болмай шықты. Қарындасымыздың сөзінше әуелде 40 тонналық жүк көлігін жүргізуге қатты жүрексінеді. Десе де, ол бұл жұмысты атқара алды.
"Негізінде ешкім көмектесіп, ақыл қоспайды. Бәрін өзің тауып, өзің білуің керек. Мәселен, лицензия алғаннан кейін тәжірибелі жүргізушімен бірге болып, жұмысқа бейімделу кезеңінен өтуге тиіс болдым. Мен ондай адамды қазақстандықтар қатарынан іздестірдім. Отандастарым көмектеседі деген ойда болдым. Керісінше көптеген отандастарым ұсынысымды қабылдамады. Олар "бұл қыздардың жұмысы емес", "үйде отырсайшы" дегендей сөздер айтты. Бұл сөздерге ренжідім әрине. Дегенмен, осы сөздер өзімді қамшылап, менің қолымнан келеді деген сенімім күшейе түсті" дейді Арайлым.
Оның айтуынша Солтүстік Америкада алысқа қатынайтын жүк көліктерін жүргізетін қыз-келіншектер аз емес. Оларды trucker lady деп атайды. Арайлым осындай 50 шақты қыздың басын біріктірген чат ашқанын айтады.
"Жыл өткен сайын чатқа кірушілер көбейіп келеді. Америкада бұл мамандықты жақсы көретін нәзікжандылар көп, өйткені табысы жаман емес" деді сөз соңында.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.