Латыннегізді қазақ тілі әліпбиі әлі де талқылануда. Өткен айда республикалық ашық талқылау отырысы өтіп, әліпбидің 3 нұсқасы ұсынылған болатын. Осы талқылаудың қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия жанындағы жұмыс тобының ғалымдары мен мамандар тарапынан умлаутты нұсқа қолдау тауып, кейбір таңбаларға қатысты ұсыныстар айтылды. Облыс әкімдігінде ұсыныстарды талқылау үшін республикалық ашық талқылау отырысының екінші кезеңі өтті. Шараға жоғары және арнаулы орта оқу орындарының филолог ғалымдары мен оқытушылары, мектеп мұғалімдері қатысты. Жиында облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Нұрсәуле Мусаева талқылау жұмыстары барлық өңірде өткізілетінін жеткізді.
І Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық және ІТ сүйемелдеу жұмыс тобының бірлескен отырысында мақұлданған әліпбиде 31 әріп бар. Оның төртеуі умлаут, бревис, макрон, седиль диакритикалық таңбасы арқылы берілген. Сондай-ақ, жаңа нұсқада кирил әліпбиінде бар ц, ч сынды әріптер жоқ.
Талқылау барысында тіл мамандары жаңа нұсқада келіспейтін тұстарын ашық айтып, ұсыныстарын да білдірді.
– Біз қай тілдің әліпбиін жасап жатырмыз деген мәселенің басы ашылуы керек. Егер қазақ тілінің әліпбиі болса, онда ешкімге жалтақтамай, тек қазақ тілі дыбыстарын белгілейтін әліпби жасауымыз керек. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, бір тілден екінші тілге сөз ауысқанымен, дыбыс ауыспайтынын көреміз. Бір тіл екінші тілдің сөзін өз дыбысымен жазады, – деді Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың қауымдастырылған профессоры Аман Абасилов.
Сонымен қатар, «У» дыбысы «W» таңбасымен, «Й» дыбысы «Ү» таңбасымен берілуі керек деген ұсыныстарын ортаға салды.
Жиында тіл мамандары С әріпін әліпбиге енгізу, Ww, Хх, С таңбалары тек пернетақтада орналасу керек пе, Ң әрпін қай таңбамен берген дұрыс, деген сауалдар бойынша пікір алмасты.
А.НҰРТАЙҚЫЗЫ.