Наурыз айында латын әріпіне негізделген қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасы мақұлданады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Қаба айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев латын әліпбиіне негізделген қазақ әліпбиін жетілдіру жөнінде тапсырма берген болатын. Осы тапсырма берілгеннен бергі 3-4 айдың ішінде ғалымдар 4 отырыс өткізді. Сол отырыстарда әліпбидің бірнеше нұсқасы қаралды. Жалпы, бүгінге дейін 40-тан астам әліпби жобасы келіп түсті. Оның ішінде ғалымдардың ресми түрде қарағаны 30 жоба болды. Барлық жоба назардан тыс қалған жоқ. Барлығын талдап, талқыладық, қажетті дүниелері ескерілді. Авторларына жауап бердік», - деді ол . Комитет төрағасы орынбасарының айтуынша , аталған жобалардың ішінен төртеуі іріктеп алынып, талқыланды. 4 ақпанда республика бойынша осы жобалар жан-жақты талқыға түсті.
«Ғалымдардың пікірі тоғысқан бір мәселе, бұрынғы кириллицада қанша әріп болса, сонша дыбыс мұнда да болуы керек деген қағида жарамайды. Тілімізде еш қажеттілігі жоқ кірме дыбыстар да болғаны мәлім. Латынға көшудің бір мәні де сол – кезінде еліміз басынан кешкен бодандық заманда еркімізден тыс енген дыбыстардан құтылу, тіл тазалығына қол жеткізу. Бұрын 42 қаріп болса, енді 31 немесе 32 қаріп болуы мүмкін. Алайда бұл қаріптер қазақтың әр дыбысының өз үнін, әуезін, айту, оқу, жазу ерекшелігін толық бере алады», - деді Әділбек Қаба. Оның атап өтуінше, Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен бұған дейін де 14 ақпанда өңірлердегі Тіл басқармаларын тарта отырып республикалық ашық талқылау өткізілді. Талқылауға ұсынылған жобаларға аймақтардағы филолог ғалымдар мен тіл мамандары өз пікірлерін айтып, ұсыныстарын берді. Осы және өзге де талқылау қорытындылары негізінде 20 ақпанда Алматыда ғалымдардың жұмыс тобы өз отырысын өткізіп, ұсынылған бірнеше жобаның әрқайсысының артықшылықтарын ала отырып, бір жоба жасап, мақұлданды.
«Бұл мәселе бойынша Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев ғалымдармен кездесіп, талқылау өткізді. Сол жерде кейбір әріптерді қайта қарап шығып, толықтыруға тапсырма берілді. Бұл жобаны Президент Әкімшілігінің алғашқы іріктеуінен өтті деуге болады. Тек бірді-екілі кірме дыбыстарға қатысты ортақ пікірге келу қалды. Осы айдың 13-і күні бүкіл ғалымдар бас қосқан үлкен отырыс өткізіледі. Сол отырыста нақты жетілдірілген әліпби мақұлданып, Үкіметте ұлттық комиссияның қарауына беріледі», - деді ол.