«Дипломмен ауылға» бағдарламасына мемлекеттік қызметшілер қосылады. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Мәжіліс депутатының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Атап өтілгендей, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылдың 5 наурызында өткен агроөнеркәсіп кешені мәселері жөніндегі республикалық кеңесте ауылға оралған мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну арқылы ынталандыруды тапсырды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы нақты ауылдық елді мекенге жұмыс істеуге және тұруға келген мамандарды қолдауға бағытталған. «Аталған тапсырмаға ауылдық жерлерде әлеуметтік салалардағы білікті мамандардың кадр тапшылығы, соған орай білім беру, медициналық және басқа да әлеуметтік қызметтердің сапасына қанағаттанбаушылық, қала мен ауыл арасындағы орын алып отырған үйлесімсіздік негіз болды», - деді Премьер-Министр.
Асқар Маминнің айтуынша, жоба аясында ұсынылатын әлеуметтік қолдау шаралары «Агроөнеркәсіп кешенін және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» ҚР заңының 18-бабы 8-тармағымен регламенттелген. Аталған бап тек ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған және қалалық елді мекендерге қолданылмайды. «Бұған қоса, аудандық маңызы бар қалаға келген мамандар үшін жоба аясында әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну ауылдық жерлерден мамандардың кетуіне және кадр тапшылығын одан ары ұлғаюына, сондай-ақ бюджет шығыстарының артуына түрткі болады. Дегенмен, «Дипломмен ауылға» жобасына ауылдық округ әкімдігінің аппаратында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілерді қосу жоспарланған. Бұл да мемлекеттік бюджеттің шығыс бөлігін арттырады. Бұл норма ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 30 желтоқсандағы №1012 қаулысымен ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілген «Мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында көзделген», - деді Үкімет басшысы.