E-gov порталы арқылы мемлекеттік қызметтің 87 процентін алуға болады

Егер электронды цифрлы қолтаңбаңыз болса, Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ жұмысыңыз реттеледі. Бүгінде E-gov порталы арқылы мемлекеттік қызметтің 87 процентін алуға болады. Сондай-ақ, жаңарған «egov mobile» мобильді қосымшасы пайдалануға беріліп, мемлекеттік қызметтерді алудың биометриялық әдісі іске қосылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиал директоры Айдын Қайруллаев баяндады.

– Өткен жылдың қорытындысымен филиалдың фронт-офистері сапалы қызмет көрсету бойынша рейтингте республика көлемінде 1-орын иеленді. ХҚО мамандары жыл көлемінде 1 млн-нан астам қызмет көрсетті. Жалпы корпорациямыз арқылы мемлекеттік реестр тізіміндегі 694 қызметтің 642-і көрсетіледі. Қазіргі таңда ХҚО-ға бармай-ақ кез келген жерде отырып, смартфон көмегімен egov.kz, «Telegram-Bot», «egov mobile» секілді мобильді қосымшалар арқылы мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алуға болады, – деді А.Қайруллаев.

Биометриялық мәлімет – адамның бет-бейнесі, саусақ іздері арқылы қызмет алу мүмкіндігі. Егер ХҚО базасында болсаңыз, жеке куәлікті көрсетпей-ақ саусақ іздерімен қызмет ала аласыз. Электронды E-gov қосымшасы арқылы да осылайша 60-тан астам қызметті алуға мүмкіндік бар. Биометриялық мәлімет бойынша қызмет алатындар саны бүгінгі күні 10 700-ден астам адамды құрайды.

Өткен жылдармен салыстырғанда қызылордалықтар көлік құралдарын онлайн форматта тіркеу, жүргізуші куәліктерін электронды порталда ауыстыру қызметін кеңінен қолдана бастады.

– Қазақстандықтардың VIP нөмірлеріне деген сұранысы азаюда. Былтыр мамандандырылған бөлім арқылы 114 776 184 теңгеге 508 қызылордалық ерекше тіркеу нөмірін сатып алған. Көлік иелері жаңадан сатып алған темір тұлпарына ерекше нөмірлерді мамандандырылған ХҚО немесе egov.kz арқылы онлайн тіркеу барысында таңдай алады. Сондай-ақ, егер азаматтың бұрыннан VIP-нөмірі болса, жаңадан алған көлігіне алты ай ішінде сол нөмірді қайта рәсімдеуге құқығы бар. 2020 жылы АЕК мөлшерінің өсуіне байланысты VIP-нөмірлердің бағасы өзгерді, – деді филиал директоры.

Жүргізуші куәлігінің мерзімі өткен жағдайда «egov mobile» қосымшасымен онлайн алмастыруға да болады. Мобильді қосымша арқылы фотосуретке түсіп, қолтаңбаны смартфон арқылы қоясыз. Осылайша әп-сәтте жаңа куәлік дайындалады.

Биыл қолданысқа енген пилоттық жобалардың бірі – зейнеткерлікті проактивті тәсілмен рәсімдеу.

 – Жоба әзірге мемлекеттік корпорация қызметкерлері үшін жүзеге асырылуда. Аталған әдіс арқылы облыс бойынша алғаш болып Байқоңыр қаласының тұрғыны бір ғана SMS көмегімен зейнеткерлікті проактивті түрде рәсімдеді. Сонымен қатар, осы жылдан бастап жаңадан 17 проактивті қызмет іске қосылады деп жоспарлануда, – деді ол.

  Болашақта осы форматта мүгедектік бойынша әлеуметтік жәрдемақылар, жұмыс істеу қабілетінен және асыраушысынан айырылу жағдайларына байланысты төлемдер тағайындалады. Сондай-ақ, «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгісі бар көпбалалы аналарға ешқандай өтінішсіз жәрдемақылар беріледі.

Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 наурыз 2020 г. 271 0