Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік қызмет департаменті директорының орынбасары Думан Әбілов осы жылдың 9 наурызында қазақстандықтардың жұмыс істейтіндігін немесе демалатындығына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Өздеріңіз де білесіздер, мереке күні жексенбіге тұспа-тұс келсе, онда дүйсенбі күні мемлекеттік қызметшілер үшін жұмыс күні болуы тиістігі туралы тапсырма кеше ғана болды. Мерекелер туралы заңға сәйкес, егер демалыс мереке күніне тура келсе, онда ол келесі жұмыс күніне ауысады. Бірақ, бұл заң тек мемлекеттік қызметшілерге ғана емес, бәріне бірдей», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесінде бұл мәселеге қатысты бірыңғай әдіс әзірлеу үшін мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен жиын өтіп жатыр.
«Өз тарапымнан мұның құқық қорғау және арнаулы органдар үшін ғана айтылуы мүмкін екендігін атап өте аламын. Бұл мемлекеттік қызметшілердің жекелеген санаттарына қатысты болуы ықтимал», - деді Думан Әбілов.
Осы орайда ол биылғы жылдың 9 наурызында қазақстандықтар демалады деп болжайтындығын баса айтты. «Мемлекеттік қызметшілер жұмыс істеуі үшін алдымен, Мерекелер туралы заңға өзгертулер енгізу қажет», - деді департамент директорының орынбасары.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мереке күндеріне қатысты қолданыстағы тәртіпті қайта қарауды тапсырған болатын. «Үкіметке және Президент Әкімшілігіне мереке күндеріне қатысты қолданыстағы тәртіпті қайта қарауды тапсырдым. Егер мейрам күні жексенбіге сәйкес келсе, келесі күн демалыс болып саналады. Келесі күн (дүйсенбі) барлық мемлекеттік қызметшілер үшін жұмыс күні болуы тиіс», - деп жазған еді Қазақстан Президенті Twitter-дегі парақшасында.