Қазақстан азаматы коронавирус жұқтырған корейлік тамақтанған қоғамдық орында болған. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «2020 жылдың 3 наурызында Оңтүстік Кореяның әлеуметтік желілерінің орыс тілді топтарында Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген Қазақстан Республикасының азаматы коронавируске шалдыққаны расталды деген ақпарат тарады. Аталған әлеуметтік желілердің хабарлауынша, Қазақстан азаматы клиникадан қашып кетіп, қазіргі уақытта полициямен іздестірілуде. Мұндай ақпарат «Хабар 24» телеарнасында да хабарланған. Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы Елшілігі тиісті шаралар жүргізіп, оның нәтижесінде бұл ақпарат расталмады. Жергілікті полиция және біздің азаматпен байланыс орнатылған. Ол бұған дейін клиникаға бармағынын және коронавирус бар-жоғын анықтайтын қандайда бір сараптама тапсырмағанын жеткізді», - деді ресми өкіл.
Оның айтуынша, корей полициясының ақпаратына сәйкес, осыдан бірнеше күн бұрын қазақстандық азамат коронавируске шалдыққан адам барған қоғамдық тамақтану орнында болған. «Осыған байланысты белгіленген тәртіпке сәйкес, оған және сол уақытта аталған орында болған барлық адамдарға егер аурудың сыртқы белгілері байқалған жағдайда вирустың бар-жоғын анықтау тестін тапсыру қажет. Отандасымыз барлық қажетті медициналық процедуралардан өтуге және жергілікті билікпен ынтымақтасуға дайын. Біздің Елшілік коронавирус Оңтүстік Корея аумағында анықталған алғашқы күннен бастап жергілікті Ішкі істер министрлігімен және Ауруларды бақылау, алдын алу корей орталығымен тығыз жұмыс істеп келеді. Аталған орталықтың ұсынысы бойынша біздің отандасымыз телефон арқылы күнделікті денсаулығына бақылау жүргізіп, үй карантинінде болуы қажет. Бұл ұсыныс аурудың сыртқы белгілері жоқтығына негізделген және оны емдеуге жатқызудан және коронавирустың болуын тестілеуден бас тартылды», - деді Айбек Смадияров.
Ресми өкіл Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы Елшілігі бұл мәселені тұрақты бақылауға алғанын баса айтты.
«Жоғарыда баяндалғанға байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі БАҚ өкілдеріне тексерілмеген ақпаратты жариялап, дүрліктірмеуді және үрей тудырмауды сұрайды. Сыртқы саяси ведомствоның ресми түсініктемесін күту қажет. Сонымен қатар, Қазақстан азаматтарындағы коронавируске қатысты ақпараттар алу үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне хабарласуды сұраймыз. Ал Сыртқы істер министрлігі шет елдердегі біздің отандастарымызға қатысты ақпаратты тексеріп, нақты мәлімет беруге тырысады», - деді ол.