Ақын мұрасын ұлықтаған кеш

Кеше Қызылордадағы «Мұрагер» мектебінде қаладағы бірнеше білім ордасы оқушыларының қатысуымен Абай мұрасын асқақтатқан ауқымды шара өтті. «Абай – ақыл-ойдың алыбы» атты жиында ақын поэзиясы мен музыка салтанат құрып, «Абай жолы» роман-эпопеясынан эпизодтар ұсынылды. Әдеби-сазды кешке қала әкімінің орынбасары Мира Қазбекова, мектеп басшылары мен балабақша меңгерушілері, жалпы саны 400-ден астам адам қатысты. 

Өнер кешінде музыка мен поэзия арқылы ғана емес, ақын өмірінің жарқын сәттерін театрландырылған қойылым арқылы жеткізуге басымдық берілген. Абайдың ғибрат толы ғұмыры ойландырып, лири­касы көрермен жүрегіне жол тапты. Әсіресе, жуырда ғана Беларусьте өткен байқау­дың Гран-при жүлдесін ие­лен­ген жас әнші, №11 мек­теп-ли­цейдің оқушысы Дін­мұхамед Төлеубайдың орын­­­­дауын­дағы «Көзімнің қа­ра­сы» әніне қосылмаған адам аз.

Салтанатты жиында ақын мерейтойына орай өткізілген челленджге, поэтикалық эстафетаға үлес қосқан бала­бақша тәрбиеленушілері мен оқушылар, Абай мұрасын зерттеген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ардагер ұс­таз­дары марапатталды.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай қалалық білім бөлімі ұйымдастырған бұл шарада арнайы көрме де ұйымдастырылды. Көрмеде жуырда ғана Алматыда өткен «Абай жаққан бір сәуле» атты республикалық байқаудың бас жүлдесін иеленіп, арнайы шәкіртақы иеленген Сандыбай Біржанды кезіктірдік. «Мұра­гер» мектебінің 9-сынып оқушысы, жас ақын бүгінде мү­шәйралардан бөлек, суы­рып­салма қасиетін шың­дап, айтыстарға да қатысып жүр.

Айта кетейік, Абай мұра­сы­ның бағасын биік­теткен ша­ралар мұнымен тоқтамақ емес. Енді қаладағы 54 мектептің қатысуымен «Абай оқулары» байқауы өткізіледі. Сондай-ақ, ұстаздар еңбек демалысында Абайдың туған жеріне арнайы сапарлап,  Жиделі-Байсын жеріне экскурсия жасамақ.

Айдана Жұмадинова.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 ақпан 2020 г. 791 0