Арал ауданы әкімінің қолдауымен қаланың орталық алаңында тұрғындарға арнап тегін wi fi сымсыз интернет желісі қосылды.
«Интернеттің орталық алаңға орнатылуы бекер емес. Себебі, бұл орын қаладағы халық көп жиналатын, жастар шоғырланатын жердің бірі. Қазіргі таңда ақпараттық жүйелер дамыған заманда сымсыз ғаламтордың көпке көмек екені сөзсіз. Алдағы уақытта адамдар көп жиналатын қаланың басқа да аумақтарында WiFi қызметін орнату жоспарланып отыр», - дейді әкімдік мамандары.
Естеріңізде болса, Шымкент қаласының әкімдігі де бірқатар саябақта тегін WiFi интернетін қосқанын бұған дейін хабарлаған едік. Ал Ресей Премьер-министрі Дмитрий Медведев жақында ғана қоғамдық орындардағы тегін WiFi интернетті шектеу туралы жарлыққа қол қойды. Көрші мемлекетте ғаламторға қолжетімділік қиындағанын ескерсек, Қазақстанның барлық өңірлеріндегі тұрғындардың тегін интернетпен қамтылуы жақсы үрдіс, дейді сарапшылар.