Қармақшы ауданы, Жосалы кенті орталығындағы «Жыраулар үйінде» аудан әкімі М.Қалдарбековтың төрағалығымен көркейту-көгалдандыру бағытында атқарылатын жұмыстарға дайындық барысы туралы кеңейтілген мәжіліс өтті.
Мәжіліске аудандық мәслихат хатшысы, ардагерлер, кент, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен көше комитеттері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша алғашқы хабарламаны аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Байсыновтың, Жосалы кентінің әкімі Ш. Сыдықовтың хабарламалары тыңдалды.
Ауданымыздағы тазалықты сақтауға мекеме басшылары мен жалпы тұрғындардың және көше комитеттерінің белсенділігі маңызды.
Осы уақытқа дейін қанша ескертулер мен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан көшені ластау, көше бойына қаппен қоқыс шығару, өзінің есігінің алдын таза ұстамау, елді-мекен сыртындағы жерлерді заңсыз күл-қоқыс тастау орындарына айналдыру және төрт түлік малдарын қараусыз жіберу жағдайлары үнемі қайталанып отырғаны туралы айтылды.
Хабарламашылар тазалық жұмыстарын қанша жүргізгенімен артынша қайта қоқыстар шашылып, жасалған еңбектің нәтижесі болмай, тұрғындар арасында тазалық мәдениеті қалыптаспай отырғанын жеткізді.
Мәжілісте аудан басшысы атқарылатын жұмыстардың жоспары жасалып, көркейту-көгалдандыру бағытында жасалынатын тиісті жұмыстар тізбесі дайындалғанын жеткізді.
Сонымен бірге мәжіліс барысында Жосалы кенті әкімшілігі тарапынан атқарылуы тиіс тапсырмаларды атап өтті.
Үстіміздегі жылы жоспарға сәйкес Жосалы кенті бойынша жаңадан 15,3 км аяқ су жеткізетін арық қазу, 3 км арықты тазалау, көше қиылыстарына 55 дана жол белгісі және 24 метр жасанды кедергі орнату, кенттегі 34 көшеге барлығы 454 метрді құрайтын жаяу жүргіншілерге арналған өткел сызықтарын сызу жұмыстары жүргізілетін болады.
Сонымен бірге, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында қосымша 40 бейнекамера, 6 жерге автокөлік реттілігімен жүруін және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көше қиылыстарына бағдаршамдар орнату жұмыстары белгіленді.
Мәжіліс барысында көше комитеті Әбдірахманов Берікбай, Жалғасбаев Бостан, аудандық мәслихат хатшысы Марат Наятұлы, №183 мектеп директоры Кенжеева Алтынша, Аграрлық-техникалық колледж директоры Айекенов Ислам ұсыныс пікірлерін білдірді.
Мәжілісті қорытындылаған аудан басшысы Мұса Оспанұлы кент әкімдері мен ауылдық округ әкімдеріне, мекеме басшыларына көркейту- көгалдандыру бағытындағы тиісті жұмыстарды өз деңгейінде жүргізуге қатаң түрде тапсырма берді. Сонымен бірге тұрғындарға өздерінің тұрғылықты жерлеріне жанашырлықпен қарап, тиісті құзырлы органдар тарапынан түсіндіру жұмыстарын кең көлемде жүргізуді тапсырды.