Қызылорда: кәсіпкерлер құқығы қалай қорғалып жүр?

Қызылордада кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі 5 жылда 800 кәсіпкердің құқығын қорғаған. Бұл туралы кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Болат Нұрхожаев айтты.

Кеңес төрағасының айтуынша, кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі құрылған 5 жылда 30 отырысы өткізіліп, 78 мәселе қаралған. Нәтижесінде олардың 77 пайызы оң шешіліп, 800 кәсіпкердің құқығы қорғалған, оның ішінде бизнес өкілдерінің 650 млн теңге қаржысы өздерінде қалған (мүлкі т.б.).

«Алғаш «Атамекен» құрылғанда бұл бір ірі кәсіпкерлердің мүддесін білдіретін ұйым деп ойлайтынмын. Өзім кезінде осы кеңестің мүшесі болып, кеңесте кәсіпкерлердің мәселесін қарағаннан кейін барып Кәсіпкерлер палатасының шағын және орта бизнеске көрсетіп отырғанын қолдауы мен көмегін нақты көрдім. Биыл екінші жыл кеңестің төрағасымын. Кеңес жұмысынан жыл сайын кәсіпкерлерден түсетін өтініштердің саны артып отырғандығын байқадым. Бұл бір жағынан кәсіпкерлердің «Атамекенге» деген сенімін білдірсе, екінші жағынан әлі де болса кәсіпкерлердің әкімшілік кедергілерге жолығып, құқықтық қолдауға зәру екендігін аңғартады», - дейді кеңес төрағасы Болат Нұрхожаев.

 Болат Нұрхожаев кеңес жұмысының бір көрсеткіші ретінде бизнес өкілдерінің жұмыс жасауына кедергі келтірген мемлекеттік органдардағы жауапты, лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде берілетін ұсыныстар мен оның нәтижесін айтты. Мәселен, Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі құрылған сәттен бері отырыста қаралған мәселелерге орай кәсіпкерлердің жұмыс жасауына кедергі келтіріп, құқығын шектеген мемлекеттік органның 15 жауапты қызметкерін жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныс беріліп, оның 12-сі қолдау тапқан. Аталмыш қызметкерлердің 7-еуі тәртіптік, 5-еуі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Бұдан бөлек кәсіпкерлердің кей мәселелері дөңгелек үстелдер, кездесулер, медиациялық тәсіл, түсіндірме шараларын қолдану арқылы да шешіліп жатыр. Кез келген кедергіге тап болған кәсіпкер кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесіне келіп, бізден көмек алып, құқығының қорғалатындығына сендіргім келеді», - дейді Кеңес төрағасы.

Айта кету керек, кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл жөніндегі кеңес құрамында құзырлы мемлекеттік орган басшылары, заңгерлер, БАҚ өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары – белсенді азаматтар, депутаттар, кәсіпкерлер бар. Кеңеске өтініш, өзге сауалдармен хабарласқысы келетін кәсіпкерлер үшін мекен-жайымыз: Қызылорда қаласы, Желтоқсан көшесі 12, «Бастау» бизнес-орталығының  11-қабаты, 1103-кабинеті. Байланыс телефоны: 8 /7242/ 40-09-81. Кеңес төрағасы Болат Нұрхожаевтың байланыс құралдары: 8 701 372 24 43, e-mail: n.bolat@mail.ru.  



Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 ақпан 2020 г. 467 0