«Хәрри Поттер» кітабы қазақ тілінде жарық көрді

Британ жазушысы Жоан Роулиңнің әлемге әйгілі Хәрри Поттер шығармасы қазақ тілінде жарық көрді, деп хабарлайды "Мәдениет порталы". Британ жазушысы Жоан Роулиң ойлап тапқан сиқыршы бала Хәрри Поттер және оның әлемі туралы еңбектерді қазақ тілінде шығару құқығы «Steppe & WORLD Publishing» баспасына тиесілі.

Баспа өкілдерінің айтуынша, кітапты қазақ тіліне аударуға аталмыш әлемдік бестселлердің үлкен-кішіге бірдей қызық болатыны, Қазақстанда көпшілікке кеңінен танымал екені себеп болған. «Бүкіл әлем білетін, 80 тілде жарық көрген серияның әлі күнге қазақ тіліне аударылмағанына, 20 жылдың ішінде бұл істі қолға алатын ешкім шықпағанына алғаш таңғалғаным рас. Біздің баспа тәржімаланатын кітаптарды өз қалауына, мақсат-жоспарына, тәжірибесіне сүйене отырып таңдайды. Сондықтан кезекті жобамыз ретінде осы «Хәрри Поттер» топтамасын қолға алып, аударуға кірісіп кеттік», – дейді «Steppe & WORLD Publishing» баспасының негізін қалаушы және басшысы Райса Қадыр.

Ол қазір екінші роман бойынша жұмыс жүріп жатқанын, ал негізгі топтамаға кіретін жеті кітаптың 2020-2021 жылдары толық аударылып, оқырманға жол тартатынын тілге тиек етті. 

«Хәрри Поттерді» аудару – қандай да бір сыртқы қаржыландырусыз жүзеге асырылып жатқан баспаның жеке жобасы. Әлеуметтік бағыттағы бизнес ретінде біз «Хәрри Поттер мен пәлсапа тасты» сатудан түскен қаражатты әлемдік деңгейдегі дүниелерді қазақ тіліне аударуға жұмсаймыз», – деп атап өтті Райса Қадыр. «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» кітабын Динара Мәзен, Саят Мұхамедияр және Нәркез Берікқазы аударды. 

Жобаның жауапты редакторы – Назгүл Қожабек. «Кітап туралы алғаш ақпарат беріп, мұқабасын әлеуметтік желілерде жариялағалы бері «Неге «Гарри емес, Хәрри?, «Неге Роулинг емес, Роулиң?» деген сұрақ көбейді, сынға да ұшырап жатырмыз. Әрине, «Гарри» мен «Роулингке» үйреніп кеткен көпшіліктің біздің нұсқаны қабылдай алмай жатқанын түсінеміз. Алайда, біз тікелей ағылшын тілінен аудардық. Ағылшын тілінде «Harry» |ˈhæri| болып транскрипцияланады. Ал «ә» дыбысы ағылшын тілінде де, қазақ тілінде де бар. Сол секілді жазушының тегі «Rowling» |ˈrō-liŋ| деп оқылады, яғни «ң» дыбысымен аяқталып тұр. Бұл да қазақ тілінде бар. Сондықтан біздің нұсқада «Гарри» емес, «Хәрри», «Роулинг» емес, «Роулиң» болды», – дейді Назгүл Қожабек. 

Аударма авторлары тәржіма барысында адам аттарының, жер-су атауларының көпшілігін түпнұсқадан ауытқымай беру туралы шешім қабылданғанын айтып өтті. «Басты мақсатымыз қандай да бір сөзге қазақ тіліндегі дәл, нақты, сайма-сай балама табу болды. Аударманы оқыған адам түпнұсқаны оқығандай әсер алса, аудармашы өз мақсатына жеткені. Жақсы аударма көркем шығарманың бар бояуын, стилін сақтай отырып, аударылатын тілде жазылғандай жатық оқылуы керек. Біз сол мақсатымызға жете алдық деп ойлаймын», – деді Динара Мәзен.

Мәдениет порталы
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 ақпан 2020 г. 505 0