«Орхон ескерткіштерінің толық атласы» жарық көрді

Танымал түрколог, филология ғылымдарының докторы, ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» атты үш томдық толағай еңбегі жарық көріп, Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада таныстырылымы болды. «Тарихи құндылықтар және Қазақ мемлекетшілдігі» атты семинар өтті. Семинардың модераторы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Дихан Қамзабекұлы болды.

Ғалымның өмір жолынан сыр тарта отырып, алғашқы сөзді ғалымға қамқорлық танытып, қолдау білдіріп отырған ЕҰУ ректоры Ерлан Сыздықовқа берді. Ректор өз сөзінде ғалымды құттықтап, тілектестігін айтты.
Кітаптың тұсауын АҚШ, Назарбаев университеті, профессоры Юлай Шамиль, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, тарих ғылымдарының докторы Абай Тасболатов, Қазақстан Елтаңбасының авторы, сәулетші Жандарбек Мәлібекұлы, кәсіпкер, меценат Марат Нәбиев кесті.

Үш томдық тарихи кітаптың беташарынан соң Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығы арнайы қомақты ақша бөліп түсірген Қаржаубай Сартқожаұлының өмір жолына арналған деректі фильмнің тұсауы кесілді. Қауымдастық төрағасының орынбасары З.Қ.Тұрысбековке ғалым өз атынан зор алғысын білдірді.
Бүгінге дейін бірінші атласты 120 жылдың алдында В.Радлов жасапты. Онда руника яғни бітіг жазуымен жазылған үш-төрт көне ескерткіш қана қамтылған екен. Шындығына келсек Радловтың атласы, Томсеннің еңбегі екен. Томсен әр таңбаның мәнін, қалай оқылып, қалай таңбаланатынын,ашқан жаңалығының барлығын жақын досы В.Радловқа хатпен жіберіп отырған. Радлов ұстазынан рұқсат сұрамастан мәтіндерді өзінше оқып, атлас етіп жарыққа шығарып жіберген. Кейін Мелиоранскийдің түркология туралы көлемді еңбегі жарыққа шықты. Түркі дүниесіне қатысты мұнан басқа толық қанды зерттеу жасалмаған. Ал, жасалғандары тікелей мәтіннен алынбаған. Түпнұсқадан емес сөздік бойынша оқылып, сол дәуірдегі қолданыстығы сөздіктер бойынша жасалған екен. Бұл еңбектің ерекшелігі таза түпнұсқа негізінде жасалып отырғандығында.

Сондай-ақ бұл кітапта 2-3 мың жылдық тарихымен қатар, ұлттық дүниетанымы, көне архитехтурасы қатар зерттелген. Жан-жақты: діндік, ділдік, ұлттық таным, ұлттық философия, ұлттық этнография тұрғысында да кеңінен қарастырылған. Бұл Қазақ халқының көне мұрасы. Оған ешкімнің таласы жоқ.

Әдебиет порталы
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 ақпан 2020 г. 629 0