МӘМС: жиі қойылатын 10 сұраққа жауап

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы МӘМС бойынша жиі қойылатын 10 сұраққа жауап берді. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1406 байланыс орталығының жұмысы 24/7/365 тәртібіне көшті. Қордың басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов МӘМС бойынша жиі қойылатын 10 сұраққа жауап берді.

 

1. Мен сақтандырыл­ға­нымды қалай және қайдан біле аламын?

– Мұндай ақпаратты электрондық үкімет пор­талынан (https://egov.kz/), ҚР Денсаулық сақтау минис­трлігінің (http://dsm.gov.kz/) және қордың сайтынан (https://fms.kz/), Telegram-бот (https://t.me/SaqtandyryBot) және WhatsApp-тағы чат-бот (+7 700 103 1406) арқылы алуға болады.

Осы мүмкіндікті пай­далана отырып, ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін барлық азаматтар МӘМС жүйесінде сақтандырылған бо­лып, медициналық қыз­мет­­терді толық көлемде ала алатындығын еске салғым келеді. Азаматтардың қажетті медициналық қызметтерді алуына ешқандай кедергі болмауы керек. Бірақ осы жеңілдік кезеңінде олар сақ­тандырылып, МӘМС жүйе­сінің қатысушысы болуы керек.

Еске сала кетейін, 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап сақ­тандырылмаған пациент­терге медициналық көмек көрсетіле береді, бірақ тегін медициналық көмектің ке­піл­дендірілген кө­лемі ая­сында ғана, қалған қызметтер ақылы түрде болады. Сон­дық­тан, 31 наурызға дейін сақ­тандырылған мәртебесін алу маңызды.

2. Менің жеке кәсібім бар. МӘМС бойынша жарнаны қалай және қашан төлеуім керек?

–  Егер жеке кәсіпкер бол­саңыз, МӘМС жарнасын келесі айдың 25-нен кешіктірмей төлеуіңіз қажет. Егер патентпен жұмыс істе­сеңіз,  төлем патент құнын төлеу кезінде жасалуы керек.

Жеке кәсіпкерлер үшін жарна мөлшері 1,4 ең төменгі жалақының 5% құрайды. 2020 жылы ол 2975 теңгеге тең. Айтпақшы, егер сізде штатта қызметкерлер болса, онда жұмыс беруші ретінде оларға жалақы қорынан 2% мөлшерінде аударым жаса­уыңыз керек, сондай-ақ, әр қызметкердің жалақысының 1%-ын  жарна ретінде шегеріңіз. 

3. Мен үйде отырып жұмыс істеймін, ресми түрде емес. МӘМС жүйесіне жарна төлеуім керек пе және неге? Олай болса, қалай, қашан және қанша?

– Бұл жағдайда дара кәсіп­кер ретінде тіркеусіз кәсіп­керлік қызметті жүзеге асы­ратын жеке тұлғалар санатына жатасыз, сонымен қатар, сіз­дің жалданушы қыз­мет­керлеріңіз болмайды. МӘМС жүйесіне жарна төле­меуіңізге болады. Бірақ бұл жағдайда сақтандырылмайсыз, демек, тек тегін медициналық көмек­тің кепілдендірілген көлемі аясында ғана көмек ала аласыз (жедел, шұғыл жәрдем). МӘМС пакетіне кіретін қыз­меттерді (мамандардың қабыл­дауы, зерттеу қызметтері, диагностика, операциялар) алу үшін, өзіңізді сақтандырып, ай сайын біртұтас жиынтық төлем (БЖТ) төлеуіңіз керек. Сонымен бірге БЖТ салық агенттері қатарына жатпайды.

Бұл тағы қандай мүмкін­діктер береді? МӘМС жар­на­ларынан басқа, БЖТ міндетті зей­нетақы жарналарын да қамтиды, яғни, БЖТ төлей оты­рып, сіз өзіңіздің базалық зейнетақы төлеміңізді қам­тамасыз етесіз (жұмыс тә­жірбиесіне байланысты). Қан­­шалықты ұзақ төлеген бол­саңыз, болашақта соғұрлым көп зейнетақы аласыз, өйткені еңбек өтілі ескеріледі.

Сондай-ақ, сіз әлеуметтік жарна төлегендіктен (олар да БЖТ құрамына кіреді), егер еңбекке қабілеттілігіңізді жо­ғалт­саңыз, асыраушыңыздан айрылсаңыз, жүктілік пен босану кезінде, бала асырап алу немесе бала күтімі кезінде әлеу­меттік жәрдемақы алуға құқығыңыз бар.

4. БЖТ деген не және ол қалай есептеледі?

– БЖТ, жоғарыда айтқа­нымдай, бұл – біртұтас жиынтық төлем. Ол айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінен есептеледі. Қала тұрғындары үшін бұл 1 АЕК (2020 жылы 2651 теңге), ауыл тұрғындары үшін 0,5 АЕК (2020 жылы 1326 теңге).

Сонымен қатар БЖТ құрамына:

• жеке табыс салығы;

• зейнетақы жарнасы;

• МӘМС салымдары

• әлеуметтік аударымдар кіреді.

Сонымен қатар, БЖТ-дағы МӘМС жарналарының үлесі қала тұрғындары үшін бар-жоғы 1060 теңгені, ауыл тұрғындары үшін 530 теңгені құрайды.

5. Егер мен жұмыс берушім МӘМС бойынша жарна енгізетін жұмыскер санатына кірмесем, онда мен өзім үшін жарнаны қалай төлеймін?

– Бұл жағдайда МӘМС жүйесіне  тәуелсіз төлеуші ретінде саналасыз (жеке кәсіп­керлер, өзін-өзі жұмыс­пен қамтығандар, ресми тіркел­меген жұмыссыздар сияқты). Екінші деңгейлі банктердің кассалары, Қаз­пошта, Халық банк терми­налдары, “Kасса 24” өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары және Kaspi.kz мобильдік қосымшасы арқылы МӘМС үшін төлем төлей отырып, өзіңізді сақтандыра аласыз. Жарналардың мөлшері сіздің мәртебеңізге байланысты бо­лады. Жоғарыда мен әртүрлі санаттағы төлеушілерге ар­налған үлгілер туралы айттым.

6. Мен жеке клиникада тексеруден өткім келеді, бірақ менің емханам ол жерге жолдама беруден бас тартты. Не істеуім керек?

– Мұндай жағдай болмауы керек. Учаскелік дәрігер сізді өз таңдауыңыз бойынша қормен келісім-шарт жасаған кез келген медициналық ұйымға жіберуі тиіс. Жеткізушілердің тізімін қордың сайтынан табуға болады (https://fms.kz/ru/content/postavshchiki-fonda). Сонымен бірге жолдаманы медициналық мазмұндама болған жағдайда ғана алуға болатындығын ескертемін.

Сіздердің назарларыңызды Қордың негізгі міндеттерінің бірі пациенттердің құқығын қорғау екендігіне аударғым келеді. Сондықтан, біз көр­сетілетін қызметтердің сапасын үнемі қадағалап отырамыз және туындаған мәселелерді тез шешуге тырысамыз.

7. МРТ қызметін алуым керек, бірақ маған жолдама бермейді. Неліктен?

– КТ немесе МРТ қызметін алу үшін сізге учаскелік дәрігердің жолдамасы қажет. Ол тек тиісті дәрігерлік нұсқаулар болған кезде беріледі, өйткені, бұл процедурада электромагниттік сәулелену қаупі жоқ емес. Оны қажетсіз жасай берген дұрыс болмайды, яғни, мұндай тексерулерге медициналық нұсқаулар болмаған жағдайда ғана жолдама берілмеуі мүмкін.

8. Маған МӘМС бойынша тіс дәрігерінде тегін емделуге бола ма?

– МӘМС жүйесі аясында ақысыз стоматологиялық қыз­меттерді 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушылары, мүгедектер, зейнеткерлер, көпбалалы ана­лар («Алтын алқа», «Күміс алқа»  алқаларымен марапат­талғандар), атаулы әлеуметтік көмек алушылар, әлеуметтік маңызы бар аурулары бар немесе басқаларға қауіп төндіретін аурулары бар пациенттер ала алады.

Егер емдеу жоспарланған болса (шұғыл емес), жүкті әйелдер мен 18 жасқа дейінгі балалар үшін МӘМС бойынша тегін стоматология тағайындалады.

Қалған пациенттердің бар­лық санаттары стомато­ло­гиялық қызметті ақылы алады.

Тағы айтарым, егер меди­циналық ұйымыңызда тіс дәрігері болмаса (егер дәрігер нұсқауы көрсетілген жағдайлар мен санаттарға сәйкес болса), cізге қор жеткізушілерінің тізімінде көрсетілген меди­циналық ұйымға жолдама беруі тиіс.

9. Оқу үшін  086-y (083-y) анықтамасын ұсыну қажет. Осыны МӘМС бойынша ақысыз жасауға бола ма?

– 086 және 083 анықтамалары МӘМС пакетіне кірмейді. Бұл мемлекеттік қызметті медициналық ұйым­дар ақылы түрде ұсы­нады. Осы анықтамалар оқуға түсетін немесе жұмысқа кіретін пациенттің кәсіби жарамдылығы туралы дәрі­гер­дің тұжырымын алу мақ­сатымен мерзімді медици­налық тексеруден өту үшін берілетінін түсіндіргім келеді. Бұл профилактикалық санатқа жатпайды. Бірақ пациент жылына бір рет ақысыз негізде профилактикалық тексеруден өтуге құқылы.

10. Пациент қайтыс болған жағдайда оның жинақталған ақшасы туыстарына беріле ме? 

– Жоқ, жарналарды аудару қарастырылмаған, өйткені әлеу­­меттік медициналық сақ­тан­дыру жинақтаушы жүйе емес. Медициналық көмек жар­налардың мөлшері мен сомасына қарамастан көр­се­тіледі, яғни, халықтың барлық санаттарының меди­ци­налық қызметтерге қол­жетімділігі бірдей. Бұл жү­йенің тең қолжетімділік және ынтымақтастық принципі осында жатыр. Сондықтан, біз әр түрлі кірісі бар адамдарға бірдей, бейтарап қызмет көр­се­тетін осындай модельді таңдадық.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ 

облыс бойынша филиалдың халықты ақпараттандыру 

және өтініштерді қарау жөніндегі бөлімі.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 ақпан 2020 г. 923 0